Түркістан облысында ер адамды көпшіліктің көзінше пышақтап өлтірген қылмыскер ұсталды. Марқұм такси жүргізушісі болып жұмыс істеген, - деп хабарлады Түркістан қалалық тергеу соты. Оқиға 13 наурызға қараған түні Кентау қаласының маңында болған. Оқиғаға бір топ адам куә болған. Олар жедел жәрдем және полиция шақырған. Зардап шегуші ауруханаға бара жатқанда қайтыс болған. Марқұм "ВАЗ-2106" көлігінің иесі, Кентау тұрғыны екені анықталды. Дәрігерлердің айтуынша, оның өліміне мойнына, кеудесіне және денесінің басқа да жерлеріне салынған пышақ жарақаты себеп болған. Ер адамның алақаны мен қолы да пышақталған. Қаскөйден қорғанбақ болған секілді. Жедел іздестіру шаралары кезінде криминалдық полиция қызметкерлері сол түні 1993 жылғы Кентау қаласының тумасын ұстаған. Ол қылмысын мойындады. Айтуынша, Кентау қаласынан Күшата ауылына апарып тастауды сұраған. Алайда, жолда жүргізуші екеуі сөзге келіп қалған. Жолаушы жүргізушіні пышақтап салған. Қылмыскер есірткіге елітіп, қылмысқа барғаны анықталды.
"ҚР ҚК 99 бабы 1 бөлігі "Адамды қасақана өлтіру" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыскер қамауға алынды", - делінген хабарламада.