Көпбалалы, жалғызбасты ана Райхан Мухамедова "Nur Otan" партиясы Жезқазған қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп, басында жарақаты бар баласына мүгедектік топ санатын ала алмай жүргенін айтты және баспанаға байланысты мәселесін жеткізді. Жалғызбасты ана 1 бөлмелі пәтерде тұрады, бес баласы бар: Гүлжан 13 жаста, Бауыржан 11 жаста, Маржан 9 жаста, Аяжан 8 жаста, Ислам 6 жаста. Р.Мухамедованың айтуынша, 11 жастағы баласының басында зақымы бар. Асыраушысынан айырылған көпбалалы ана балаларының жәрдемақысына күнкөруге мәжбүр. Ол тұрғын үй және жұмысқа орналасу мәселесі бойынша партияның Жезқазған қалалық филиалынан көмек сұрады. Райхан Мухамедованың бұл өтінішін «Nur Otan» партиясының Қарағанды облыстық Саяси кеңесінің мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Бекзат Алтынбеков қолға алды. Көпбалалы анаға көмек ретінде Бекзат Алтынбеков өз қаражатынан ай сайын 30 000 теңге жәрдемақы тағайындады. Мұнымен қоса Р.Мухамедова Жезказған қаласының «Бизнес және көлік колледжіне» жұмысқа орналастырылды. Мүгедектік санатын рәсімдеу бойынша Жезқазған қалалық Денсаулық сақтау басқармасының Жезқазған аймағы бойынша басшысына арнайы хаттама жіберілді, мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алу туралы тиісті түсініктеме берілді. Райхан Мухамедова партияның Жезқазған қалалық филиалына және Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Бекзат Алтынбековке алғысын білдірді.