Қарағанды қаласында банк қызметкері өзге адамдардың атынан интернет арқылы несие рәсімдеген.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, шұғыл іздестіру нәтижесінде Қарағанды облыстық Полиция департаментіне қарасты Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері 27 жастағы ер адамды ұстады. Оның банк қызметкері екені анықталды. Тергеу кезінде оның интернет арқылы үш рет алаяқтық жасағаны анықталды. «Оның адамдардың жеке мәліметін алуға мүмкіндігі болған. Өзі жұмыс істейтін банкте ғана емес, басқа да микрокредиттік ұйымдарда заңсыз кредит рәсімдеген. Шығынның жалпы сомасы – 4 миллион 770 теңге», – дейді полицейлер. Бұдан бөлек, полицейлер 31 жастағы тағы бір ер адамды ұстады. Ол да банк қызметкері. Бірақ басқа жерде жұмыс істейді. Алаяқ мерзімі өтіп кеткен кредиті бар азаматтарға «көмек беремін» деп бірнеше адамды алдап кеткен. Полицейлердің айтуынша, қазір заңсыз кредит рәсімдеудің он екі фактісі анықталды. Шығынның жалпы көлемі 12 миллион теңге болды. Күдікті қамауға алынды.Н.БАҚЫТ