Алматы облысында шұрық тесік жол былтыр 50 миллион теңгеге жөнделген.
Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылдық округіне қарасты Матай Байысов ауылындағы Күләш Байсейітова атындағы көшеге былтыр күрделі жөндеу жүргізілген. Бастапқы келісімшарт бойынша 42 миллион 179 мың теңге, қосымша келісімшартпен тағы 7 миллион 256 мың теңге бөлінген. Осылайша, екі шақырымдай жолға 49 млн 436 мыңнан аса қаражат жұмсалған. Әкімдіктің мәліметінше, былтыр жолды жөндеген мердігер жолдың сапасына екі жылға дейін жауапты. Ескелді ауданы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, енді шұрық тесік жолды мердігер компания қайта қалпына келтіреді. «Күн жылынса, жолды қайта қалпына келтіруді бастайды. Былтыр жолды жөндеген мердігер компаниямен келісімшарт бар. Олар жолдың сапасына 2 жылға дейін жауапты» делінген хабарламада. Күләш Байсейітова көшесін «Жетісу Жол Құрылыс» ЖШС жөндеген. Тапсырысты Ескелді ауданының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі берген.Н.БАҚЫТ