Осыған дейін әлеуметтік желілерде 1 жас 10 айлық бала Эмир Шахмаровтың есімді сирек кездесетін аса қатерлі дертке шалдығып, еміне қомақты қаржы керегі жария болған. Баланың анасы Сабина Даулетқалиева қаңтар айында «Nur Otan» партиясынан Эмирдің емі үшін қолдау көрсетуді сұраған еді. Партия Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласының тұрғынының өтінішін жауапсыз қалдырмады.
Эмирдің диагнозы – екінші деңгейдегі жұлын бұлшықетінің атрофиясы. Бұл аурудан айығу үшін Америкада өндірілетін, құны 1 млрд теңге тұратын «Золгенсма» дәрісінің 1 инекциясын 2 жасқа дейін алса жеткілікті. «Nur Otan» партиясы БҚО филиалы тарапынан Денсаулық сақтау министрлігіне өтініш иесінің ұлына көмектесу үшін арнайы хат жолданған болатын. Алайда министрлік жағынан мұндай ауруға шалдыққандардың елімізде ресми түрде тіркелген нәтижелі көрсеткіші бар дәрі-дәрмекпен емделетіні туралы жауап келді. Бұдан кейін облыстық филиал жанындағы «Jas Otan» Жастар қанатының мүшелері Эмир үшін Көрісу күні қарсаңында ұлттық ойыннан қайырымдылық спартакиадасын ұйымдастырды. 12-14 наурыз аралығында өткен бұл шараға «Nur Otan» партиясынан сайланған облыстық мәслихат депутаты Тұрарбек Тілемісов демеушілік жасады. Спартакиадаға 10 команда қатысып, шара қайырымдылық мақсатында өткеннен кейін әр команда жарна төледі. Барлық жарна мен жеңімпаздардың ақшалай жүлде қорлары (500 мың теңге) Эмирдің ата-анасының есепшотына аударылды. 14 наурыз күні облыстық филиалдың партиялық бақылау комиссиясы, «Арман-Орал» қайырымдылық қоғамдық қоры, Құрманғазы атындағы музыкалық колледж, Орал қаласының еріктілері мен кәсіпкерлердің қолдауы арқылы «Эмир Живи» қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеден түскен барлық қаражат баланың ата-анасына табысталды. Сонымен қатар жақында «Nur Otan» партиясының қатарына қосылған облыстық филиал жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі, ерікті, «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің белсендісі Серік Мұқашев Эмирдің еміне деп арнайы 1 миллион теңге аударды. Эмирдің ата-анасы кішігірім болса да көрсетілген көмектің барлығына риза екенін жеткізіп отыр. Қазақстанның әр өңірінен қолдау білдіріп жатқан азаматтардың көптігіне қуанышты. Партия тарапынан демеу болып, қайырымдылық шараларды ұйымдастырғандарға алғыс айтуда.Мадияр ТӨЛЕУ