25 наурыз күні Жапонияның Фукусима қаласында Токио Олимпиадасының алау эстафетасы басталды. Олимпиада алауы 121 күн бойы Жапонияның 47 префектурасын аралайды.
Ұлттық олимпиада комитетінің мәліметінше, алау эстафетасы Фукусимадағы футболдан жаттығу алаңында басталды. Тарихи сәттің дәл осы жерде басталғанында үлкен мән бар. Өйткені Фукусима 2011 жылы жер сілкінісі кезінде қатты зардап шеккен аудандардың бірі. «Үміт жолымызға жарық береді» деп аталатын ұран Жапонияның жайын суреттеп, әлемді жайлаған індет кезіндегі жалпыхалықтық ұранға айналғандай. Алауды алға алып жүру 2011 жылы әйелдер арасындағы әлем чемпионатын жеңіп алған футболшы Адзус Ивасимидзуге бұйырды. Мұнда да астар бар. Өйткені аталған жылы футболдан әйелдер арасында өткен чемпионат жер сілкінісінен есеңгіреп қалған елдің рухын көтерген. Жалпы, 121 күн бойы 10 мың факел ұстаушы Жапония жеріндегі алау эстафетасына қатысады. Көпшілік алау құтысының ерекше дизайнына назар аударды. Алтын және қызғылт түсті құты жапон көктемінің белгісі саналатын шиенің гүлдейтін кезеңін еске түсіреді. Ал құтының шамамен 30%-ы 2011 жылғы жер сілкінісі мен цунамиден кейін уақытша үйлерде пайдаланып, өңделген алюминийден жасалды. Айта кетерлігі, Олимпиада алауы 2020 жылы 20 наурызда Жапонияда тұтанған еді. Токио Олимпиадасы кейінге шегерілгендіктен, алау бір жыл бойы мұражайда жанып тұрды.Айбике ЖАНАСЫЛ