«Nur Otan» партиясының Түркістан облысы Сарыағаш аудандық филиалынан тұрғындар осы күнге дейін Абай көшесі бойында тұрған Кескент арнасындағы жарамсыз көпірді қалпына келтіруді өтінген болатын. Осыған орай, партияның аудандық филиалы бастауыш партия ұйымының ұйымдастыруымен Сарыағаш қаласындағы Кескент арнасының көпірі кәсіпкерлер қолдауымен қалпына келтіріліп, мәселе шешімін тапты. Жомарт кәсіпкерлердің игі ісіне қала тұрғындары алғысын білдірді.
Сондай-ақ Сарыағаш аудандық мәслихатының депутаты Нұрдәулет Байғозиевке Әлімтау ауылдық округінің тұрғындары үйлеріне тартылған ортақ пайдаланатын су құбырының 100 метрі қысқы аязға шыдас бермей, жарылып кеткенін айтқан болатын. Бұл тұста да «Nur Otan» партиясының мүшесі Нұрдәулет Тасбалтаұлы өз қаражаты есебінен су құбырының 100 метр жеріне жөндеу жүргізіп, мәселені шешіп берді. Бұдан бөлек, жуырда «Nur Otan» партиясы Жезқазған қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөліміне көпбалалы ана Райхан Мұхамедова келіп, басында жарақаты бар баласына мүгедектік топ санатын ала алмай, баспана мәселесін де шеше алмай жүргенін баяндаған еді. Бес баланың анасы 1 бөлмеде тұрады екен. Райхан Мұхамедованың айтуынша, 11 жастағы баласының басында зақымы бар, баласына мүгедек санатын алуы тиіс. Бұған қоса, отбасы асыраушысынан айырылған, сондықтан жәрдемақыға күн көруге мәжбүр болған. Жалғызбасты ана тұрғын үй және жұмысқа орналасу мәселесіне байланысты да партиядан көмек сұрады. Көпбалалы ананың бұл өтінішін «Nur Otan» партиясы Қарағанды облыстық филиалының саяси кеңес мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Бекзат Алтынбеков қарастырды. Көмек ретінде Бекзат Алтынбеков өз қаражатынан ай сайын 30 000 теңге жәрдемақы беріп тұруға келісті. Партия мүшелері мұнымен шектелмей, бес баланың анасын Жезқазған қаласының Бизнес және көлік колледжіне жұмысқа орналастырды. Ал баласына мүгедектік санатын рәсімдеу бойынша Жезқазған қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысына арнайы хаттама жіберілді. Сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алу туралы тиісті түсініктемелер берілді. Райхан Мұхамедова көрсетілген көмекке орай партияның Жезқазған қалалық филиалына алғысын айтты.Мадияр ТӨЛЕУ