Наурыз мерекесі және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Ағаш отырғызу» қайырымдылық акциясына қолдау білдіріп, 160-тан астам Қырым қарағайы мен Алтай шыршасын отырғызды.
Игілікті шара Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысындағы: «Мен Ұлыстың ұлы күнін жаңаша атап өтуді ұсындым. Бабаларымыз әз-Наурыз келгенде бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызған. Осы тамаша дәстүрді жаңа қарқынмен жалғастырайық. Табиғатты тазалап, қоршаған ортаны көгалдандыруды қолға алайық. Мұндай шараларды барлық аймақта ұйымдастыруымыз қажет. Бұл – ата салтымыз және ұрпаққа экологиялық тәрбие берудің ең тиімді жолы» деген тапсырмасына сай жүзеге асты. Сонымен қатар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында «Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады. Ынтымағы жарасқан жұрттың қашанда ұпайы түгел» деп атап өтіп, әз-Наурызға жаңаша көзқарас қажет екенін жеткізген болатын.