Соңғы 5 жылдан бері жер тақырыбы елімізде жиі талқыға түсетін мәселеге айналды. 2016 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сату және ұзақ мерзімге жалға беруді қарастыратын заң жобасы көп қарсылыққа ұшырады. Бұдан соң қоғам пікірін ескерген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев заң жобасына 5 жылға мораторий жариялаған еді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 25 ақпанда Ұлттық сенім кеңесінің жиынында шетелдіктерге ауылшаруашылық жерлері жалға берілмейтінін және сатылмайтынын айтып, тез арада заң қабылдауды тапсырған болатын.
Артынша Мемлекет басшысы Мәжіліске шетелдіктер мен қандастарға жерді сату және жалға беруге тыйым салатын заң жобасын жолдады. Президент заң жобасын талқылау үшін қоғамдық комиссия құруды тапсырғанын білеміз. Көп ұзамай Үкімет
Жер реформасы бойынша комиссия құрды. Бұл құрамға депутаттар, қоғам белсенділері, кәсіпкерлер және Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы мен облыс әкімдерінің орынбасарлары енді. Жалпы, Қазақстан аумағының 37 пайызы, яғни 100 миллион гектардан астам аумақ ауылшаруашылық жері есебінде. Бұл бос жатқан жерлер көптеген даудың басын ашып отыр. Жаңағы айтқан комиссия сансыз пікірді ұштастырып, елге тиімді ұсыныс айтуы тиіс. Айтпақшы, бұл комиссияның алғашқы отырысы өтіп те үлгерді. Онда жер кадастры мен Қазақстан азаматтығын алу үшін қойылатын талаптарды күшейту мәселесі қаралды. Бұдан бөлек, жиында баса назар салған екі дүние болды, олар: ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алу құқығын алып тастай отырып, қазақстандықтарға жекеменшікке беру және жер пайдаланушылардың ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекеттен сатып алмай иеліктен шығару жайы. Оған қатысты түрлі пікір айтылды.
Жер мәселесін ұдайы көтеріп жүрген қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан Президенттің бастамаларын қуана қабылдағанын айтады. «Қазір арнайы заң жобасы Мәжілісте жатыр. Айтарым, Қазақстан азаматтығын беру тәртібін қатаңдату керек. Халықаралық тәжірибе бойынша, азаматтық алу үшін сол елдің тілінен емтихан тапсырып, ең кемі 5 жыл тұрақтауы тиіс. Бізге де осы тәжірибе үлгі боларлық. Ауылшаруашылық мақсатындағы үлкен көлемдегі жерлер Қазақстан азаматтарына да жалға берілмеуі қажет. Жер кадастры ашық болуы тиіс. Жер кімнің қолында, кім игеріп жатыр, бәрі ашық айтылсын. Кейбіреулер мұны «Жеке мәлімет туралы заңға қайшы» дейді. Олай емес. Себебі мемлекеттің меншігі – жер. Ауылдарда жайылым жоқ. Әркімнің қолында тұр. Үкімет осы қатені түзетуі қажет», – дейді ол. Сонымен бірге саясаткер ауыл маңайындағы жерлер жекеменшіктен шығарылып, ауыл меншігіне өткені жөн екенін айтады. Әрі бірыңғай аграрлық салық енгізуді ұсынады. «Мәселен, жер бос тұрса, иесіне салық төмен де, іс атқарып жатса ғана көбейеді. Сондықтан бәрін жоғары салық төлеуге мәжбүр етсек, олар амалсыз игі іс үшін қимылдар еді. Бұдан бөлек, банкте кепілде тұрған жерлер бар. Арасында шетел банктері жүр. Сол жерді мемлекет меншігіне қайтарып алсын. Жер комитетінің күші өте әлсіз. Әкімдерге бұл тиімді. Сондықтан Жер агенттігін құрып, тікелей Президентке қаратуы керек. Қағазбастылықты қойып, цифрландыру болсын. Бір сөзбен айтсақ, керегі – тәртіп», – деді М.Тайжан. Ол ұсыныс айтылып жатқанын, ал нақты заң жоқ екенін алға тартты. Сол себепті ұсыныс елеусіз қалмаса деген тілегін білдірді. Жер мәселесін тек фермерлер шешпейтінін, халық сенген өкілдер араласуы құптарлық іс екенін айтты.
Жалпы, Үкімет құрған комиссияға мүше болған қоғам белсенділері 5 жылға созылған жер дауына Мемлекет басшысының нүкте қойғанын тарихи жетістік ретінде бағалайды. Белсенділердің арасында жер жекеменшікте болуы керек дейтін нарықтық экономиканың шарттарын қабылдамауды алға тартатындар да бар екен. Сондықтан бірқатар азаматтар заңнамаға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар тек халық мүддесіне бағытталуы тиіс деп санайды. Сонымен бірге жер тек өз азаматтарымызға берілуі қажет екенін алға тартады. Әрі «жер шетелдіктерге берілмесін» деп жүргенде, қазір жері бар азаматтардың ішінде шетел азаматтығын алып жатқандар бар екенін айтып, оларды тексеру қажет деп санайтындар да кездесті. Ең бастысы, комиссия құрамына кірген белсенділерлің басым көпшілігі жерді жалға алғандардың ашық тізімі жасалуы қажет деп санайды. Қандай азамат, қай елдікі, бәрін жұрт білуі керек. Сөйтіп, қоғамдық бақылаудың ықпалы арттыру маңызды деген пікірде. Сондай-ақ ауылшаруашылық жерлерінен түсетін салық ауыл бюджетіне түсуі керек деп санайтын азаматтар да бар. Демек, Салық кодексіне де өзгеріс керек. Қысқасы, жер мәселесіне қатысты қазірдің өзінде көптеген ұсыныстар айтыла бастады.
Бақытжан БАЗАРБЕК,
заңгер:
– Ең үлкен мәселе – жерге келгенде сыбайлас жемқорлық бар. Жер кодексінің 97-бабына 2018 жылы өзгеріс енгіздік. Өзгерістерге сәйкес, «шаруа фермер қожалығын жеке тұрғын үй құрылыс және жеке қосалқы үй шаруашылығына, яғни жердің нысаналы мақсатын ауыстыруға тыйым салынған» деген норманы осы баптың 3-тармағына қостық. Норма жұмыс істеп тұр, бірақ іс жүзінде жергілікті органдар, аудандық деңгейдегі әкімдіктер ауылшаруашылық жерлерін заңды айналып өту арқылы иемденудің жақсы амалын ойлап тауып алған. Яғни, жерді бағбандық немесе саяжай ретінде алады, оған тыйым жоқ. Заңның олқы жерлерін пайдаланып, қазір үлкен алқаптар беріліп кетті. 3-тармаққа өзгеріс енгізіп, шаруа қожалығынан жеке саяжай құрылысы және бағбандыққа жердің нысаналы мақсатын ауыстыруды тоқтатуды ұсынамын. Екіншіден, көптеген жер кезіндегі колхоз, совхоздан қалған. Оларды иеленген азаматтар жерді банкке кепілге қойған. Шартты жер үлесінен құрылған ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді кепілге қоюға тыйым салынсын. Мұндай норма бізде жоқ. Жер кодексінің 43/1-бабына «Мүдделердің қақтығысуы» деген норма керек. Әр облыста, әр ауданда әкімнің орынбасарлары, ауылшаруашылық бөлімінің басшылары жерді еркін алып, туған-туысына таратып береді. Ол үшін тәртіптік жауапкершілік қаралған. Осындай норма енгізіп, жерге таласқандарды кері қайтарып отырған жөн. Жеке тұрғын үй құрылысы бойынша 1,5 млн адам тізімде тұр екен. Бұл да жер ресурстарын басқару комитетінің құзырында. Бұл мәселе әлеуметтік ауытқуларға ұласуы мүмкін. «Жер кодексінің» 44-бабында берілетін жерлер инженерлік алқаптардан болуы керек. Яғни, су және электр жүйесімен қамтылуы қажет. Бірақ мұндай ақша мемлекет қорында жоқ. Мұны орнықтыру үшін мемлекеттің жартылай кеткен шығындарын жеке бизнес инвестициясы арқылы толтырсақ. Сондай-ақ тізімді жылдамдата жүргізуге талпыныс болғаны жөн. Одан бөлек, жергілікті атқарушы органдар, яғни әкімдіктер жер иеленіп отырған азаматтарды жасырады. Жер кадастры ақпараттарын ашық түрде жариялауымыз тиіс. Ең басты мәселенің бірі – жерге орналастыру, жер кадастры сияқты мамандықтарды қалпына келтіруіміз қажет. Жерге орналастыру мамандығын лицензиядан алып тастадық. Сосын саланы білмейтін азаматтар келіп, екі ортада халық зардап шегіп жатыр. Мұндай мәселе жетіп артылады.
Мадияр ТӨЛЕУ