Ұрпақтың мұңы – үш ауысым

Ұрпақтың мұңы – үш ауысым

Заң бойынша 18 жасқа толмаған барлық балаға кеш қарайған уақытта ересектерсіз сыртқа шығуға тыйым салынған. Мәселен, егер 23.00-ден кейін жасөспірімдер көшеде жалғыз жүрсе, онда оларды полиция ұстап, бөлімге жеткізуге міндетті. Қынжылтатыны сол, жас ұрпақ кеш қараңғылығы қоюланған шақта өз еркінен тыс көшеде жүруге мәжбүр: елдегі үш ауысымдық оқыту оларды соған итермелейді.

Проблемалы мектеп саны тек артуда

Сарапшылардың айтуынша, әлемдегі ең кедей елдердің өзі екі ауысымды білім беруден бойын аулақ салуға тырысуда. Ал Қазақ­стан болса, тіпті үшінші ауысым­нан бас тарта алар емес. Energyprom экономиканы мони­то­рингтеу жобасының сарап­шы­лары анық­та­ғандай, Қазақстанда әрбір 5 баланың 4-еуі, яғни ба­сым көп­шілігі қос ауысымды мек­­тептерде білім алып жатыр. Бұған қоса, 130-дан астам мектеп оқу­шыларды үш кезекпен оқы­туда. Білім және ғылым министр­лігінің дерегінше, 2020-2021 оқу жылы басталғанда елімізде жалпы саны 191 үш ауысымды мектеп болыпты. Дегенмен бюджеттен салаға мол ақшаның бөлінуі арқасында жаңа мектептер іске қосылып, ол білім ордаларының саны 134-ке дейін кеміді. Бұл ретте жаңа 43 мектеп есігін ашып, үшінші ауысымдағы бала­лар сонда ауыстырылған. Тағы 11 мектептің осы күрмеулі мәсе­лесі оқушылар санын қысқарту және оларды жақын маңдағы басқа оқу орындарына қайта бөлу есебінен шешілген көрінеді. Биылғы оқу жылының IV тоқсанынан бастап, яғни сәуір айының басында елі­міздегі оқушылардың көбі дәстүрлі оф­флайн оқуға қайта көшпек. Мұндай жағ­­­дайда үш ауысыммен оқитын мек­тептер саны қайта артуы мүмкін. Себебі бас мем­лекеттік санитардың шешіміне сәй­кес, сыныптар 70 пайызға ғана толуы ке­рек. Осыған орай, мектептер сынып­тарды 20-25 баладан қайта қалып­тастырып жа­тыр. Бұл жаңа сыныптардың пайда бо­луына септігін тигізбек. Білім және ғылым вице-министрі Шол­­пан Каринова үш ауысыммен білім беретін мектептерде дәстүрлі оқу кезінде санитарлық нормаларды сақтау үшін жеке шешімдер қабылданатынын мәлім етті. Бұл мәселемен жергілікті бас сани­тарлық дә­рігерлер мен білім басқар­маларының басшылары айналысады. Мысалы, олар «артық» шәкірттерді өзге мектептерге жол­дауы ықтимал. «Қалаларда бір сыныпта 25 баладан болса, ол норма болып есептеледі. Ал егер бір сыныпта 30-40 баладан отырса, бұл – дұрыс емес. Бірақ елімізде үш ауысымдық режимде сабақ оқытатын мектептер қалу­да. Олар бойынша жеке-жеке шешім қа­былданады», – деді вице-министр. Жалпы, үш ауысымды мектептер проблемасы жыл өткен сайын күрделеніп келді. Мәселен, осыдан 6 жыл бұрын рес­публикада үш ауысымдық небәрі 87 мек­теп болған екен. Сонда ел Үкіметі осы проб­­леманы бес жыл ішінде толық шешуге болады деп оптимизм танытқан. Әйтсе де, 2018-2019 оқу жылында мұндай мек­тептер саны 128-ге жетті. Былтыр осындай білім ордаларының үлесі 1,5%-дан 1,9%-ға дейін өсті. Өйткені пандемия жайлап, оқушы­лардың басым бөлігі қашықтан оқуға көшкеніне қарамастан, 2020 жылы бірден 68 мектеп үш ауысымға ауысқан. Мұның сыртында 34 мектеп «апатты жағдайда» деп танылды. Нәтижесінде, соңғы 6 жылда Қазақ­стан­да үш кезекпен оқытатын орта білім ұйымдарының саны 1,5 есеге артып шыға келді. Стратегиялық жоспарлау және ре­фор­­малар агенттігінің Ұлттық статистика бю­ро­сының мәліметінше, өңірлер ара­сында шәкірттерге шектен тыс толған мек­тептер саны елдің оңтүстігінде көп: Ал­маты облысында – 38, Шымкентте – 17. Одан кейін Маңғыстау тұр (14). Елімізде тек ШҚО, Қостанай және Павлодар облысында ғана үш ауысыммен оқыту мәселесі шешімін тапқан.

Түйткілдің төрт себебі

Ұлттық статистика мамандары бұл түйт­кілдің жыл өткен сайын ушығуына бірнеше фактор ықпал етіп отырғанын анықтады. Біріншіден, елде жаңа білім беру нысандарын іске қосу қарқыны құл­дырап кетті. Соның кесірінен орта білім беру ұйымдарының саны жыл өткен сайын азайып келеді. Атап айт­қанда, жаңа ғасыр басында, 2000-2001 оқу жылында Қазақ­станда жалпы саны 8 353 мектеп болыпты. Арада 5 жыл өткенде, 2004-2005 оқу жы­лында ол 8 296-ға, келесі бесжылдықта (2009-2010 жылы) 7 881-ге, одан кейінгі бесжылдықта 7 563-ке дейін құлдырады. 2015-2016 жылы елдегі мектептер саны – 7 511-ге, 2016-2017 оқу жылы – 7 450-ге, 2017-2018 оқу жылы – 7 414, 2018-2019 оқу жылы – 7 393-ке, 2019-2020 оқу жылы 7 398-ке дейін кеміді. 2019 жылы республикада 75 жаңа мек­­теп бой көтерген. Яғни, жаңа білім ны­сандарын салудың қарқыны бәсеңдеп қалды. Себебі бір жыл бұрын – 2018 жылы 90, ал 2015 жылы 114 мектеп жаңа­дан тұр­ғызылған болатын. Екіншіден, Қазақстанда оқушылар саны артып келеді. Ғасыр басында, 2000-2001 оқу жылында 3 272 859 бала оқыған. Он жыл өте, 2009-2010 оқу жылында оқу­­шылар саны 2 556 252-ге дейін азайды. Содан кейін өсім байқалып, 2019-2020 оқу жылы 3 337 783-ке жетті. Сөйтіп, кейінгі 5 жылда саны 19%-ға ұлғайған. Үшіншіден, өңірлерде демог­рафиялық теңгерімсіздік белең алды: бір қала не елді мекенде балалар саны жыл сайын еселеп артады, ал басқасында керісінше, күрт кеміп, білім беру ұйымы жабылады. Шү­пірлей толған мектеп­тердің үлесі халық тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерде жоғары. Ал солтүстік-шығыс аймақтағы ел­ді мекендерде кері­сінше, мектептерге оқушы жетпейді. Төртіншіден, көптеген мектептегі білім сапасы нашар болғандықтан, бала­сының болашағын ойлаған ата-ана ел мақтаған білім ордаларына ауысып алуға жаппай күш салады. Бұған оқушыларды тұрғылықты жері бойынша мектептерге қатаң бекітіп, тіркеу де тосқауыл бола ал­ма­ды: әлеуметтік желіде осы тақырыпта пікір білдірген қазақстандықтар жақсы мек­тепке баласын тіркету үшін өзге ау­данда үй жалдауға, тіпті қалаға қатынауға мәж­бүр болғанын әңгімеледі. Бұған мүм­кіндігі жоқтар білім беру сапасы төмен жер­гілікті білім ордасын місе тұтады. Жеке білім беру мекемелері қауымдас­тығының мамандары жүргізген зерттеу қорытындысында ата-аналардың 47%-ы өз мектебіндегі білім сапасына көңілі тол­­майтынын айтып, мұғалімдердің білік­­сіз­дігін сынаған. Қалалардағы рес­пондент­тердің 94%-ы балаларын «ұзар­тылған күн тобына» (продленка), қо­сымша курстар мен үйірмелерге апа­ратынын және мек­тептен тыс оқытуға ай сайын ондаған мың теңге шығын шы­ғаруға тура келетінін хабарлаған.

Мәселе қайтсе шешілмек?

«Қазақстанда үш ауысымды мектеп­тер­мен күрес сөз жүзінде ғана «табысты». Ал өркениетті елдерде тіпті біз үшін үйрен­шікті болған екі ауысымда оқы­тудың өзі атавизм саналады. Басқа түгіл дамушы мем­лекеттер екі ауысымда білім беруді проблема санап, онымен күресуде. Айт­алық, 2019 жылы Африкадағы кедей ел­дердің бірі – Намибия бастауыш мектеп­­терді бір ауысыммен оқыту жүйе­сіне кө­шіре алды», – дейді Energyprom жобасы­ның сарапшылары. Кейбір елде екінші ауысым тек бос­қын балаларға арналған төтенше нұсқа ретінде ғана қарастырылады. Мәселен, Theirworld қоры Ливанда Сириядан қашып келген 300 мың кішкентай босқын үшін екінші ауысымда оқыту жүйесін әзірлеп шықты. Education Cannot Wait жаһандық қоры да өз бағдар­ламаларына осы тәсілді таңдаған. Ал Қазақстанда балалар екінші, тіпті үшінші ауысымда оқып, үйіне кеш оралуға мәжбүр. Елімізде балалардың 83%-ы қос ауысыммен қамтылған. Тағы 7%-ы немесе 237 006 бала үшінші ауы­сымда білім алады. Ең көбі Алматы об­лысында – 52 369 бала, Шымкентте – 49 853, Маңғыстау облы­сында – 33 235, Атырау облысында – 21 305, Нұр-Сұлтанда 20 802 бала. Оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу үшін тойханаларды, мейрамханаларды, моншаны мектепке айналдырып жатқан өңірлер бар. Мемлекетіміз 2023 жылдан бастап 12 жылдық білім беруге кезең-кезеңмен көшетін болды. Бұл қадам да мектеп­тердегі бала санын, тиісінше оқушы орындарының тапшылығын арттырары сөзсіз. Қалай болғанда да, Қазақстанда мек­теп салу – күн тәртібінде тұрған маңызды мәселе. Оның шешілетініне әлі де сенім бар. Ел Үкіметі осы бағытқа ден қойды: «Nur Otan» партиясының бағдарламасына сәйкес, үш ауысымды және апатты мек­тептерді жою үшін Білім және ғылым министрлігіне 2025 жылға дейін 800 жаңа мектепті жаңадан тұрғызу, сондай-ақ 5 мың ауыл мектебін жаңғырту міндетінің орындалу барысын бақылау жүктелді. Соның ішінде 1 мыңнан астамы биылғы 2021 жылы модернизацияланады деп жоспарлануда. Бәлкім, сонда осы бесжылдықта үш ауысыммен оқыту секілді жағымсыз, жас ұрпақ үшін зиянды құбылыс тарихқа айналар?!

Елдос СЕНБАЙ