Қостанайда облыс орталығының іргесіндегі ауылдардың көпшілігінде ауызсу тапшы. Мәселен, Октябрь округіне қарасты алты елдімекеннің бірде-біріне орталықтандырылған су желісі тартылмаған, – деп хабарлайды 24.kz.
Тұрғындар ауызсуды көлікпен тасиды. Сондықтан тұрғындар оны үнемдеп пайдаланады. Жуыну үшін даладағы қарды әкеліп ерітеді. Облыс орталығынан 20 шақырым жердегі Молоканов ауылына орталықтандырылған су желісі тартылмаған. 500-ге таяу тұрғыны бар ауылға суды аптасына бір рет әкеледі. Тұрғындар үйдегі бар ыдысына толтырып алады.Әкімдіктегілердің айтуынша, Молокановқа су тарату қондырғысы биыл орнатылмақ. Жалпы облыс бойынша биыл 104 ауылға осындай қондырғы орнату жоспарланған.Молоканов ауылының тұрғыны Сайын Шаяхметов: «Жуыну үшін моншаға қарды ерітеміз. Оның өзі қап-қара боп кетеді. Бірақ амал жоқ», – дейді.
Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Дәурен Асқаров: «Егер бір жылда барлық ауылға жобалық-сметалық құжат жасап, орталықтандырылған желі тартамыз деп айту ақылға сыйымсыз. Себебі, оның бәрін қаржыландырып, жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан бұл жұмыс біртіндеп жүргізіледі», – дейді.
Былтыр облыста 13 ауылға орталық су желісі тартылған. Биыл олардың қатарына бес елдімекен қосылады. Алайда, Молоканов ауылына орталық су желісін тарту жоспарда жоқ.