Сенаторлар келесі аптада халықаралық шарттарды ратификациялайтын бірқатар заң жобасын қарауды жоспарлап отыр. Сенаттың бюро мүшелері 1 сәуірде өтетін палата отырысының күн тәртібінің жобасын бекітті.
Депутаттар алдағы жалпы отырыста ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды орындауға беру туралы конвенцияны ратификациялайтын құжатты талқыламақ. Мемлекетаралық стандарттау жөніндегі құжаттарды тарату туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы да отырыстың күн тәртібіне енгізілді. Оны қабылдау мемлекетаралық стандарттау жөніндегі құжаттарды таратудың бірыңғай ережелері мен рәсімдерін бекітуге мүмкіндік береді. Палата отырысында депутаттар назарына «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бағалы металдармен және асыл тастармен операцияларды жүзеге асыру ерекшеліктері туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да ұсынылмақ. ЕАЭО аумағында бағалы металдар мен асыл тастардың еркін айналымын қамтамасыз ету үшін жағдай жасау осы құжаттың басты бір бағдары болады.Елдос СЕНБАЙ