Алматыда жалған мониторинг тобы қызметкерлері анықталды. Олар компьютерлік клубты тексермек болған. Бұл туралы Алматы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Салтанат Лесбаева өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Лесбаева жазбасында «Алматы қаласында пилоттық жобаның қатысушысы болып саналатын компьютерлік клубты тексеруге мониторинг тобы келген. Кәсіпкердің айтуынша, бақылау тобы бірден күдік тудырған, өйткені топ мүшелері Ashyq жобасы туралы алғаш рет естіген және компьютерлік клубтарға жұмыс істеуге мүлде тыйым салынғаны туралы айтқан. Топ төрт адамнан құралған, олардың бірі — полиция қызметкері. Ол қызметтік куәлігін көрсетіп, өзін полиция капитаны ретінде таныстырған. Қалған үшеуі, полиция капитанының айтуынша, «СЭС» және әкімдік қызметкерлері екен. Дегенмен олар қызметтік куәліктерін көрсетпепті», – деп жазды. Сонымен қатар жалған топ мүшелері компьютерлік клубтың Алматы бас санитар дәрігерінің қаулысына қарамастан жұмыс істеп жатқанын айтып, клубты жабуды талап еткен. Бұл жайтқа қатысты Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Бағлан Дәндібаев пікір білдірді. Ол мониторинг тобының әкімдік пен аудандық полиция басқармасының қызметкерлерінен және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мүшелерінен тұратынын еске салды. Нысандарға барған кезде олардың барлығы өздерінің қызметтік куәліктерін көрсетуі тиіс. «Келесі күні кәсіпкер бізге Ashyq қосымшасының жұмысы мен түнде болған оқиғаға қатысты жүгінді. Кәсіпкермен кездесу кезінде біз өзін лауазымды тұлға ретінде таныстырған жандарға қатысты процессуалдық шешім қабылдау және оларды заңда көзделген жауапкершілікке тарту үшін құқық қорғау органдарына ресми шағыммен жүгінуді ұсындық. Қазір кәсіпкердің арызы Наурызбай аудандық полиция басқармасында қаралып жатыр. Мұндай жағдайға алғаш рет кезігіп отырмыз», – дейді Дәндібаев. Айта кетейік, мониторинг тобы мүшелерінің тізімі аудандық әкімдік сайттарында, сондай-ақ Infokazakhstan.kz сайтының мониторинг топтары бөлімінде жарияланады.Айша ЕРСҰЛТАН