Қазақстан Президенті «Халықаралық қарыз архитектурасы және өтімділік» атты жоғары деңгейдегі жиынға қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет және Үкімет басшылары деңгейіндегі онлайн форумды өткізуге БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Канада және Ямайканың премьер-министрлері Джастин Трюдо мен Эндрю Холнесс мұрындық болды. Іс-шара COVID-19 пандемиясы кезеңінде халықаралық күш-жігерді даму бағытын қаржыландыру саласына қарай жұмылдыруға арналды. Теңізге шығатын жолы жоқ дамушы мемлекеттер тобының төрағасы ретінде сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус пандемиясы басталғалы бері Топқа мүше елдер шетелдік инвестициялардың азаюы, сауда-саттық пен ақша аударымдарының төмендеуі, қаржылық қарыздардың өсуі, орташа алғанда экономиканың 2,4 пайызға құлдырауына себеп болған бюджет мүмкіндігінің айтарлықтай кемуі секілді аса қауіпті құбылыстармен бетпе-бет келгенін атап өтті. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Теңізге шығатын жолы жоқ дамушы мемлекеттер тобына мүше елдерге арналған Вена бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Жол картасының өзектілігі арта түскеніне тоқталды. Осыған орай, серіктес мемлекеттерді Аддис-Абеба бағдарламасында белгіленген барлық жеті бағыт бойынша жүргізілетін жұмыстарды жұмыла атқаруға, сондай-ақ дамыту мақсатындағы ресми көмектің қазіргі деңгейін сақтап қалуға үндеді. Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында вакцина салуға және экономиканы қайта қалпына келтіруге біршама уақыт кетіп, соған сәйкес ұзақмерзімді перспективада оның салдары ондаған жылдар бойына сақталуы ықтимал екені жайындағы болжамын ортаға салды. Оның пікірінше, азаматтардың осал топтарын, елдер мен экономиканы қорғау үшін қазіргі қабылданып жатқан шаралардың барлығы ортақ мүддені көздейді. Мемлекет басшысы мұның дағдарыстан шығатын бірден-бір жол екеніне сенімді және оны халықаралық қоғамдастықтың ортақ міндеті деп санайды. Форумға Аргентина, Венесуэла, Египет, Италия, Канада, Пәкістан, Түркия, Қатар, Франция, Эквадор, Жапония, Ямайка және басқа да мемлекеттердің басшылары, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Халықаралық валюта қорының, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының, Дүниежүзілік банктің, Дүниежүзілік сауда ұйымының, Еуропалық одақ пен Африкалық одақтың жетекшілері қатысты.