Ауыл тұрғындары кредитке су ішіп отыр

Ауыл тұрғындары кредитке су ішіп отыр

Еуразия бірінші арнасының хабарлауынша, осыдан 5 жыл бұрын Ақжазық, Лесновка, Педжім және Алмалы ауылдарына бюджеттік несиемен 1,2 млрд. теңгеге ауызсу жүйесі тартылған.

Қаржы Ұлттық қордан бөлінгенімен, ол халық есебінен 20 жылда қайтарылуы тиіс екен. Мұны естіген тұрғындардың төбе шашы тік тұрды.

Ақжазық ауылының тұрғыны Қайрат Дулатбаев: «Ішсең, мына су тамағыңды қырып кетеді ғой. Осы судан, мысалы, ауру болып жатырмыз. Біраз адамдар қуығынан операция жасап келіп жатыр, естіп жатырмыз. Мына судың сапасы өте нашар», – дейді.

Ақжазықтағы ауызсудың сапасына сын көп. Кермек дәмі бар. Оның үстіне ыдыстың түбіне тұнба тұнады. Сүзіп ішейін десе, сүзгілердің өзі ұзаққа бармай істен шығатын көрінеді. Енді сол ішкен суымыз судай болмаса да, бағасы удай қымбат болғалы тұр. Ашынған ауыл халқы суды несиеге тартқанын бүгінге дейін білмеген. Арада 5 жыл өткесін ғана естіген.

Ақжазық ауылының тұрғыны Жанболат Шалақазақов: «Мынандай болатын болса, тіпті көрші-көршіге дәретке су бере алмаймыз. Тарифі қымбат, 174 деп арыз жазғанбыз аудан әкіміне. Сол кезде білдік біз, бұл 20 жылға кредит алып, салынған екенін. Оған дейін біз білмедік. Ауыл білмеді. Енді, мыңға қоятын болса, онда бәрін жинап, өзіміздің ескі колонкамызды шығарып берсін. Сол жақсы еді, негізі, таза еді», – дейді.

Жалпы, өңірдегі 4 ауылдың ауызсу жүйесін ретке келтіруге Ұлттық қордан 1,2 млрд. теңге бөлінген. Соның 178 миллионы осы Ақжазыққа су құбырын тартуға жұмсалыпты. Осы күнге дейін сол несиенің үстемақысын шығынға батса да, Панфилов су құбыры мекемесі төлеп келген. Енді, жалпы қарызды қайтару абоненттер есебінен жүргізілмек. Соған байланысты тарифті көтеруге ұсыныс берілген.

«Панфилов су құбыры» МКК бас экономисі Нәзира Қасенқызы: «Қазіргі күнге Антимонопольный комитетке 3 ауылдың сомасына өтінім бердік. Ақжазық ауылы – 996 теңге, Лесновка ауылы – 918 теңге. Педжім ауылына 446 теңге 1 куб суға өтінім жіберілді. Лесновка мен Ақжазық кішкентай ауылдар болғандықтан, объем аз болғандықтан, тариф те қымбат болып тұр», – деді.

Алматы облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу департаментінің бөлім басшысы Бақтияр Бақытжанұлы: «Панфилов су құбырынан» өтінім келіп түсті.  Бұл тарифтерді қалыптастыру қағидасына сәйкес, 90 жұмыс күні ішінде қаралады. Департамент тарапынан нақты шешім қабылданған жоқ. Алайда, осы халық санаты үшін 2021 жылдың аяғына дейін тарифтің жоғарылауы жоспарда жоқ. 2022 жылға өтінім келіп түскен жағдайда, сол бойынша нақты зерделеніп, шешім қабылданады», – деді. Айта кетсек, 4 елдімекенге тартылған ауызсу құбыры мен жабдықтары келісімшарт негізінде қазір кепілдікте тұр. Егер ақша қайтарылмаса, несие беруші тарап барлығын алып кетуге құқылы екен.

Панфилов аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Арман Тазабеков: «Бюджеттік кредитования бағдарламасымен салынған. Механизм бойынша, 20 жылда салынған ақшаны біз бюджетке қайтарып беруіміз керек. Келесі жылдан бастап бұл ақша тарифпен қайтарылады деп есептелген болатын. Алайда, басқа ауылдармен салыстырғанда көп шығып отыр. Бұл бойынша, наразылықтар, түсінбеушіліктер болып отыр. Ол мәселені болашақта қарастырып, шешеміз», – деді.