Айыппұл салынбақ болған зейнеткердің ауласын еріктілер тазалап берді

Айыппұл салынбақ болған зейнеткердің ауласын еріктілер тазалап берді

Енді 86 жастағы зейнеткер «үйін су алады» деп қорықпауына болады.

Павлодарлық Галина Беликтің қиын жағдайға түсіп қалғанын волонтерлер әлеуметтік желіден көріп қалған. Сөйтіп, олар әжейге көмекке келіп, үйінің ауласын қардан тазалап берді.

– Бұл жағдайды кеше әлеуметтік желіден оқыдық. Содан жиналған қарды тазалап бермек болдық. Негізі бұған дейін де талай қарттарға, зейнеткерлерге  көмектесіп жүрміз. Арасында ондай жаңалықтардан  қалыс қалып жатамыз. Бірақ бәріне көмектесуге тырысамыз, – дейді волонтер Алексей Лодочников.

Жергілікті әкімдіктің көмегі келгенше еріктілер зейнеткердің ауласын қардан тазалап берді. Ал әжей болса, енді үйін су алмайтынына мәз.

– Балалардың көмекке келгені жақсы болды. Айналам тазаланып қалды. Енді үйімді, қорамды су алмайды, – дейді Галина Белик.

Кеше Aikyn.kz павлодарлық зейнеткерге үйінің айналасындағы қарды тазаламағаны үшін айыппұл салатыны жайында жазған. Жалғызбасты зейнеткер қыс бойы жауған қарды өзі тазалаған. Соңғы күндері толассыз жауғандықтан қар үйіліп қалған. Учаскелік полицей Галина Беликке осыны ескертіп кеткен. [caption id="attachment_123703" align="alignnone" > ©https://irbistv.kz/[/caption]