Қазақстанда діни экстремизмнің алдын алу, қате жолға түсіп кеткен азаматтарды райынан қайтару бағытында жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп келеді. Соның ішінде дін саласы мамандарының біліктілігін арттыру өзекті болып тұр.
Тәуелсіз ел болған 30 жылдың ішінде Ислам діні халық арасында қайта өркендеді. Ислам дінінің ғалымдары мұсылман деген сөзге «бүлікші болмайтын, дұрысты бұрысқа шығармайтын, өзін «бетегеден биік, жусаннан аласа» ұстайтын, бар-жоғы білінбейтін сабырлы болмағы ләзім» деп анықтама береді. Яғни, дін өз мақсаты үшін күресіп, ешкімге зиян тигізбеуді насихаттаса керек. Алайда ислам атын жамылып, қоғамда дүрбелең тудыруды көздейтін топтардың бар екені жасырын емес. Сондықтан Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитеті, сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, қоғамдық ұйымдар тарапынан алдын алу, үгіт-насихат жұмысы ұдайы ұйымдастырылады. Мәселен, комитет бір ғана наурыз айының өзінде интернет кеңістігінде радикалды және деструктивті діни контенттің таралуына қарсы іс-қимыл бойынша дін саласындағы өңірлік мамандарға арналған онлайн семинар, дінтану сараптамасын жүргізу жұмыстарына қатысты дін саласы мамандарына арналған семинар, жергілікті жерлерде атаулы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруға және жүргізуге тартылған өңірлік Дін істері басқармалары мен «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемелерінің мамандарына арналған онлайн семинар өткізді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғаса береді.М.ТӨЛЕУ