Үкімет эволюциясы

Үкімет эволюциясы

Әлемде мемлекеттік бас­қару жүйесінің жалпыға бір­­дей жарайтын үлгі-моделі жоқ. Әр мемлекет өз жағ­­­дайына, тарихи-құқықтық ас­­­­­­­пектілерге және басқа да қап­таған факторға орай оны өз бетінше қалыптастырады. Қазақстан тәуелсіздік алғалы атқарушы билік жүйесін әл­­­денеше рет реформалады. Оның бары­сында ел да­муы­­ның ағымдағы кезеңінде туын­­­даған және шешімін күт­­­кен мәселелер мен мін­­деттер басшылыққа алынды.

­­­­­­Төл басқару жүйесі – тәуелсіздік тартуы

Ұлы даланы ен жайлаған еркін қазақ ежелден қағанат және оның мұрагері саналатын хандық жүйе­сінде басқарылғаны мәлім. XVIII ғасырда отарлаушы патша өкіметі, кейін Кеңес Одағы елді басқару органдарын тегіс орталыққа бағындырды. Демек, ХХ ғасыр соңында Қазақстанға мирасқа қалған бұл мемлекеттік басқару жүйесі азат өркендеу мұраттарына мүлдем жауап бермейтін. Сондықтан Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы нарық жолына көшірумен қатар, билік тармақтарының аражігін ажыратып, заман мен тәуелсіздік талабына сай жүйені қалыптастыру ісін де қолға алды. Бұл – мемлекеттілікті сақтап қалу үшін стратегиялық маңызды іс. Оның аясындағы жұмыс ауқымы алапат болатын. Мемлекетті басқару жүйесін толық өзгерту үшін елде жаңа норматив­­тік-құ­­­қық­­­тық база құру қажет, онсыз ме­­моргандардың шешімдері заңсыз болар еді. Ол база ескі қалыпты қайталамауы әрі уақыт сұранысына жауап беруі тиіс. Ел басшылығы бұл міндет үдесінен шыға алды: саясат пен экономика салаларында кеңестік үлгідегі мемлекет пен қо­ғамды түбегейлі өзгерткен аса маңыз­ды, мазмұнды норматив­тік-құқықтық актілер, саяси құжаттар қабылданды. Ең алдымен, 1990 жылғы 25 қазанда жарияланған «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияға» сәйкес, Қазақстан тарихында алғаш рет билікті үш тармаққа бөлу қағидаты енгізілді: сот билігі, заң шығарушы билік, яғни Парламент және биліктің атқарушы тармағы, яғни Үкімет пен әкімдер. Сол жылғы 20 қарашада «Қазақ КСР-ін басқару және мемлекеттік билік құрылымдарын жетілдіру және Қазақ КСР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» № 334-XII заң қабылданды. Осы заң алғашқы құры­­­лымдық-ұйымдастыру­шы­лық өзгеріс­терге жолдама берді. Заң бойынша Президент – атқару­­­шы-бұйрық беруші билік тармағының басшысы деп танылды. Министрлер кабинетін және рес­публиканың басқа да органдары мен ұйымдарын құру құқығы Мемлекет басшысына берілді. Қазақ КСР Президентінің аппараты мен Қазақ КСР Министрлер кабинетінің аппараттары біріктіріліп, Президент аппараты (1995 жылғы қазаннан бері Президент Әкімшілігі) пайда болды. Бұл мемлекеттік құралдардың Президент қолында шоғырлануына, мықты президенттік институттың түзілуіне, ел басшылығының экономиканы реформалау жө­ніндегі тап­сырмаларының пәрменді орын­далуына өріс ашты.

Қаптаған министр «тақтан тайған» шақ

Кеңес кезінде атқарушы және бұйрық беруші билік органы «Қазақ КСР Министрлер кеңесі» деп аталғаны мәлім. 1990 жылы оның атауы «Қазақ КСР Министрлер кабинеті» деп өзгертілді. Ал 1993 жылдан бері ол Қазақ­стан Респуб­ликасының Үкіметі деп аталады. Тәуелсіздік алған тұста Қазақ КСР Министрлер кеңесінде 34 министрлік пен 21 мемлекеттік комитет болыпты! Мәселен, тек ауыл шаруашы­­лығы саласында ғана Орман шаруашылығы (мұның сыртында өндіріске қатысты Орман және ағаш өңдеу өнеркәсібі министрлігі де болды), Мелиорация және су шаруа­­шылығы, Ет және сүт өнімдері, Жеміс-көкөніс шаруашы­­лығы, Балық шаруашылығы, Ауыл шаруа­шылығы, Ауыл құры­лысы, Нан өнімдері секілді қаптаған министрліктер болған. Кейін олардың көбі біріктіріліп, Ауыл шаруашы­лығы министрлігіне айналды. Ал индустрия мен өнеркәсіп саласында Геология, Жеңіл өнеркәсіп, Монтаждау және арнайы құ­­­­­­рылыс жұмыстары, Тамақ өнеркәсібі, Өнеркәсіптік құрылыс материалдары, Ауыр индустрия кә­сіпорындарының құрылысы, Түсті ме­­таллургия, Жергілікті өнеркәсіп министрліктері жұмыс істеді. Ел егемендікке жеткен тұста, яғни Ұзақбай Қараманов Үкіметінде (1989 жылғы 27 шілде – 1991 жылғы 16 қазан аралығында) бұл құрылым ішінара сақталды. Тек Қазақстан тәуелсіздігін жа­­­риялағаннан кейін, 1992 жылға қарай министрлерді жаппай от­став­ка­­­­ға жіберу науқаны басталды. «Мем­­­­лекеттік басқару жүйесін же­тілдіру және оның тиімділігін арт­ты­­­­­ру» мақ­­­­­сатында Президент Жар­лығы­­мен 9 министрлік пен 7 мемлекеттік комитет жойылды. Осылайша, оралымсыз, алып мемлекеттік аппарат біршама оңтайландырылды. Қазіргі Мемлекет басшысы, 1994 жылы Сыртқы істер министрі болған Қасым-Жомарт Тоқаев өз естелігінде Елбасына «тиімді бас­­­­қарушылық вертикальді» тақырдан тұрғызуға тура келгеніне назар аудартады. –1991 жылғы 16 желтоқсанда Н.Назарбаев «Қазақстанның Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңына қол қойды. Осы құжат қабылданғаннан кейін еліміз ата-бабаларымыздың көптеген ұрпағының аңсарлы арманына айналған азат даму жолына аяқ басты, төл мемлекетін құ­руға кі­рісті. Бұл ретте тәуелсіз­дікті баян­ды ету үшін алдымен өтпелі кезең қажеттілігіне сәйкес келетін тиімді басқарушылық вер­тикальді түзу, экономикада түбегейлі реформа жүргізу, инфляцияны ауыз­дықтау, әлеуметтік ахуалды тұ­рақтандыру, тәуелсіз мемлекет­­­тің институттық және құқықтық атрибуттарын, төл қаржылық және салықтық жүйені қалыптастыру мін­деті тұрды. Бұдан басқа ұлттық заңнаманы жасау, Қазақстанның және оның аумақтық шекараларының халықаралық мойындалуын қамтамасыз ету керек еді. Оның үстіне, бұл мәселенің бәрін бір мезгілде шешу қажет болатын. Мә­селен, Кеңес кезінде Қазақстанда дипломатия жоқтың қасы еді. СІМ тек одақтық республика мәртебе­сінің декорациясы қызметін атқарды, негізінен кейбір консулдық және протоколдық функцияларды орындаумен шектелді, – дейді Қ.Тоқаев. Тиісінше, Қазақстанда халықаралық істерге маманданған білікті дипломаттарды даярлау жұмысы жүйелі жолға қойылды.

Министрліктер 34-тен 18-ге оңтайланды

Ықшамдау және біріктіру нәтижесінде, Сергей Терещенко Үкі­метінде (1991 жылғы 16 қазан – 1994 жылғы 11 қазан аралығы) биік лауазымды тұлғалар саны біршама азайды. Оның құрамында Премьердің бірінші орынбасары және өнеркәсіп министрі (О.Сосковец), Үкімет басшысының орынбасары (Д.Сембаев), Экология және биоресурстар министрі (С.Медведев), Геология және жер қойнауын қор­ғау министрі (Л.Трубников), Материалдық ресурстар министрі (Қ.Тұрапов), Ішкі істер министрі (В.Шумов), Ғылым және жаңа технологиялар министрі (Ғ.Әбілсейітов), Сыртқы істер министрі (Т.Сүлейменов), Баспа және бұқаралық ақпарат министрі (Қ.Сұлтанов) және басқасы болды. Бұған қоса, өзге салаларды бас­қару үшін Экономика жөніндегі мем­комитет төрағасы (Т.Қабдрахманов), Төтенше жағдай жөніндегі мемкомиссия төрағасы (Н.Ма­­киев­ский), Жастар істері жөніндегі мемкомитет төрағасы (И.Тас­ма­ғам­­бетов), Мәдениет жөніндегі мемкомитет төрағасы (Е.Рахма­диев), Мем­­­лекеттік қауіпсіздік комитет тө­­­­рағасы (Б.Баекенов), Жер қатынас­тары және жерге орналас­тыру мемкомитетінің төрағасы (С.Ақым­­­беков) сияқты лауазымдар енгізілді. «Мемлекеттік басқарудың орталық органдары тізбесінде» 1993 жы­­лы 23 министрлік қалған. Сонымен бірге 9 мемкомитет, 1 мемкомиссия, 3 комитет, 4 басқарма, 3 агенттік болды. Елде реформалардың өрістеуіне байланысты жаңа меморгандар дүниеге келді, ескілері жойылып, жаңа ведомстволар құрамына кірді. Сарапшылардың дерегінше, Тәуелсіздіктің 30 жылында елде 4 рет ірі әкімшілік реформа жүргізілген. Бүгінде іс басындағы Премьер-Министр Асқар Мамин Үкіметіне 4 вице-премьер, 18 министр кіреді. Бұлар – Сыртқы істер, Қорғаныс, Ішкі істер, Ақпарат және қоғамдық даму, Ауыл шаруашылығы, Әділет, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Қаржы, Мәдениет және спорт, Сауда және интеграция, Төтенше жағдайлар, Ұлттық экономика, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Экология, геология және табиғи ресурстар, Энергетика министрліктері. Сондай-ақ Президентке ба­ғы­­­­­натын және есеп беретін Ұлттық банк, Есеп комитеті, Ұлттық қауіп­сіздік комитеті, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Сыбайлас жем­­­­­қо­рлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бар. Жақында олардың қа­­­­тарына жаңа ведомстволар – Қар­­­­жы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Қаржылық мониторинг агентт­ігі, Стратегия­лық жоспарлау және реформалар агенттігі қосылды. Қалай болғанда, тәуелсіздіктің үш онжылдығында Қазақстанда мемлекеттік биліктің бірыңғай жүйе­­­­сі қалыптасты, нығайды. Сая­саттанушы Темір Қаппасовтың пайымдауынша, Үкімет эво­люция­сы – мемлекетіміз бен қ­о­ғамымыз­­­­дағы өзгерістердің ай­шықты кө­рінісі болып есептеледі. Еліміздегі тың реформалар, ел өміріндегі соны бет­­­­бұрыстар, күн тәртібіндегі жаңа өзек­ті мәселелер Үкіметтің құрылымына әсер етіп отырды және алда да солай бола береді. Де­мек, Үкімет құрылымы өмір шы­найылығына бейім­делу, мемлекет пен қоғам сұранысына сәйкес келу үшін үнемі құбылып, жаңарып, түрленіп тұрады, оның транзиті тоқтаусыз сипатта болады. Олай болса, өмір өзгерген са­йын заманға сай тиімді мемлекеттік басқару моделін табу жолындағы ізденіс жалғаса бермек.

Айхан ШӘРІП