Мемлекет басшысы еліміздегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңес өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қалыптасқан күрделі эпидемиялық ахуал жайында айтты. Жағдай бүкіл қоғамды алаңдатып отыр. Атқарушы органдардың жұмысына азаматтарымыздың көңілі толмайды. – Жалпы алғанда, қазіргі жағдайымыз жақсы емес. Тіпті, ахуал өте күрделі деп айтуға болады. Коронавирус індеті қайта өршіп келеді. Мұны Қазақстан ғана емес, көптеген елдер бастан өткеруде. Нақты деректерге қарасақ, оның негізгі себебі вирустың мутацияланған жаңа штамдары болып отыр, – деді Президент. Мемлекет басшысы коронавируспен күресудің бірден-бір әрі сенімді жолы вакцина салу екенін атап өтті. Елімізде 47 мыңдай адам ғана иммунитет қалыптастырудың толық курсынан өтті. 137 346 адам бірінші компонентті енді ектірген. Жағдайдың бұлай болу себебі – вакцинаның жетіспеушілігі. – Вакцина сатып алу үшін алдын ала келісімшарт жасау жөнінде былтырғы маусым айынан бері бірнеше рет тапсырма бердім. Осы уақытқа дейін Үкімет Спутник V вакцинасы мен отандық екпе өндірісі бойынша уағдаластықтар еліміздегі вакцинацияны толық қамтиды деп сендіріп келді. Осы ақпараттың негізінде Парламент Мәжілісінің жаңа құрамына арнаған Үндеуімде 1 ақпаннан бастап жаппай вакцина салынатынын айттым. Өткен екі айда халықтың 0,1 пайызына жетпейтін бөлігіне ғана екпе егілген. Маған енді өзге мемлекеттердің басшыларымен қосымша вакцина алу жөнінде келісім жасауға тура келеді. Бұдан бөлек, біз тапсырысты жедел жеткізу үшін коммерциялық және қаржылық тұрғыдан тиімсіз шарттарға келісуге мәжбүр боламыз, – деді вакцина сатып алу барысын сынаған Қасым-Жомарт Тоқаев. Вакцина сатып алу проблемасынан бөлек, оны жеткізу, сақтау, тікелей екпе салу мәселесі де шешілген жоқ. – Вакцинация ісін созбалаңға салу – жәй ғана проблема емес, мемлекеттік маңызы бар міндет. Әңгіме еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне қатысты болып отыр. Сондықтан бұл жұмыс төңірегіндегі бақылау өте қатал болуы керек. Алексей Владимирович, дәл осы уақыт аралығында Денсаулық сақтау министрі Үкіметтегі ең негізгі тұлға екенін бұған дейін сізге айтқан болатынмын. Сіздің ерекше құзыретіңіз бар. Жұмысыңызды тәп-тәуір бастап едіңіз. Бірақ кейін қарқыныңыз айтарлықтай бәсеңдеп қалды. Сәуір айында жағдайды күрт өзгертуіңіз керек. Өйтпеген жағдайда кадрлық шешімдер қабылданады. Ал оған сіз қуана қоясыз деп ойламаймын. Бұл тек Денсаулық сақтау министріне ғана емес, тұтас Үкіметке қатысты мәселе, – деді Мемлекет басшысы. Тұрғындардың індетке қарсы иммунитетін көтеру жұмысы тиімді ақпараттық-түсіндіру шараларымен қатар жүруі керек. Осы маңызды жұмысқа кәсіби мамандарды, жаппай екпе салуды қолдайтын белсенді азаматтарды тартқан жөн. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытта отандық бизнестің ұстанымы өте маңызды деп санайды.