Табиғаттың тосын мінезіне жауапты мамандар дайын болмай шықты. Олай дейтініміз, ағын су саяжайлар мен иіндер былай тұрсын, орталықтағы көшелерге дейін жетті. Сонда аудандарды айтпағанда, облыс орталығындағы үйлердің ауласын су басуына не себеп?
Ресми мәліметке сүйенсек, жауын суы ең әуелі 26 наурыз күні Аққозиев көшесінің бойындағы №22, 40, 34 және 30 үйлердің аулаларын шайып кеткен. Одан кейін бірнеше күн ішінде қаладағы тағы бірқатар көшедегі үйлерді су басып қалыпты. Әрине, сол күндері арнайы техника мен мамандар су басқан үйлерде қызмет етіп, апат салдарын жоюға барын салды. Аталған күндері жауын-шашынның салдарынан туындаған су тасу және басу салдарын жою мақсатында «Өрт сөндіру және апаттық құтқару қызметінің» жалпы 28 маманы, 7 техникасы мен 7 мотопомпасы және «Жасыл ел – Тараз» ЖШС-нің 30 қызметкері, 5 техникасы мен 5 мотопомпасы күшейтілген режимде жұмыс істеген. Әрине, жауапты сала мамандарының жұмысын жоққа шығаруға болмас. Алайда ай-күннің аманында облыстың бас шаһары қалай су астында қалып отыр? Тараз қаласы әкімдігі мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, мәселенің туындауына қала аумағындағы арық жүйелерінің тұрғындар тарапынан уақытылы тазаланбауы себеп көрінеді. Сондай-ақ теміржолдың арғы бетіндегі көшелермен өтетін «Қарасу-1» каналының бойында соғылған көпір, қоршау, шарбақтар мен қоралар ағын суға кедергі жасап, салдарынан каналға күл-қоқыс жиналып, жолдың бойындағы үйлердің ауласына жайылыпты. Қала әкімдігіне қарасты бөлім мамандарының зерделеуі барысында арық-каналдардың үстіне заңсыз құрылыс салып немесе қоршау қойып, судың ағуына кедергі келтірген 360 тұрғын үй мен 15 кафе анықталған. Бүгінде оларға түсіндіру, ескерту жұмыстары жүргізіліп, облыстық жер инспекциясы мен мемлекеттік Сәулет-құрылыс бақылау басқармасына ақпарат берілген. Енді сол мекемелер заңсыз құрылыс иелеріне айыппұл салу, құрылысты сүру сынды жұмыстар жүргізеді деп күтілуде. Сол қорытындыға сәйкес, Тараз қалалық әкімдігі сотқа беру шарасын да қолданбақшы. Алайда әлемдік пандемияға байланысты кәсіпкерлік субъектілеріне жарияланған мораторийге сәйкес, құзырлы органдардың қолы байлаулы екен. Сондықтан олар қазір тек ескерту және түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. – Жеке тұрғын үй секторларындағы арық-атыздар сан жылғы күл-қоқысқа толған. Жеке сектор болғандықтан, өз аулаларыңыздың таза әрі жайлы, қауіпсіз болуын әр тұрғын өзі қамтамасыз етуі қажет. Алайда каналдардың іші тұрғындар тарапынан лақтырылған күл-қоқыстарға тола. Соның салдарынан су ағатын құбырлар бітеліп қалған. Азаматтардың өз қолымен тастаған қоқысы өз айналасына зиян келтіріп отыр. Коммуналды-шаруашылық мекемелері каналдарды тазалау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізгенімен, мәселе шешілмейді. Сондықтан әр азамат тазалықты өзінен және отбасынан бастап, қоғам алдындағы жауапкершілігін түсінуі қажет. Қала көркін сақтауға бірге атсалысайық! – деп қала әкімдігі осы жағдайдан кейін бұқараға үндеу де тастады. Бірақ мұндай шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың көңілі толмағандай. – Жыл сайын айтатынымыз бір әңгіме, баяғы жартас – сол жартас. Мен каналдар мен арықтарды, әсіресе Тараз қаласының аумағындағыларды үнемі тазалап отыру керегін айта-айта шаршадым. Тасқын Талас, Байзақ және Жуалы аудандарында қайталанады. Әкімдер қайда қарап отыр? Егер бөгет қажет болса, оны салайық. Неліктен жаңбыр жауып, қардың ерігенін күтіп отыруымыз керек? Төтенше жағдайлар департаментінің жұмысы сылбыр. Егер осылай жалғаса берсе, мен тиісті министрлікке облыстағы департаменттің басшылығын ауыстыру туралы мәселе қоямын, – деді аймақ басшысы әкімдікте өткен жиында. Ал Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев 164 шақырым арықтың 72 шақырымы жеке секторда орналасқанын алға тартып, көптеген арық бітеліп, үстіне үйлер салынып кеткенін және дренажды құбырлар жоқтығын мәселе етіп көтерді. Сондай-ақ шаһар басшысы каналдар мен арықтарды қоқыстан тазарту үшін механикалық жасақты жұмылдыруды ұсынды. – Жауын бірнеше күн ғана жауғанның өзінде көптеген қиындық туғызды. Ал күн жылып, тауда қар ери бастағанда не болады? Сонымен қатар біз су жинауды үйренуіміз керек. Қазір судың мөлшері мол болып тұр, алайда суғару кезеңінде тіршілік нәрін таппай қаламыз. Бізге тоғандар салу керек, арықтарды тазарту қажет, – деп облыс басшысы қала әкімінің ұсынысын қолдағандай болды. Қалай дегенмен мәселенің себебімен емес, салдарымен күресу әдетімізге айналды. Болары болып, бояуы сіңгеннен кейін барып жауаптыларды іздеп, жазалап жатамыз. Ешкім табылмаса, бар кінәні елге аударамыз. Әрине, қара халық өз айналасын таза ұстап, арық-атыздарды тазалап тұруы міндетті. Алайда каналдардағы қоқыстарды шығаруға қара халықтың күші жетпейтіні белгілі. Неге осы каналдар мен арықтардың жағдайы күні бұрын зерделенбеді? Міндетті түрде жауын жауып, аулалардың су астында қалуын күту керек пе? Одан бөлек, каналдар мен арықтардың үстіне заңсыз нысандар биыл тұрғызылмағаны белгілі ғой. Әлемдік пандемия басталмай жатып, аталған нысандар құрылысының заңдылығын құзырлы мекемелер неге тексермеді екен? Сұрақ көп, жауап жоқ. Кеше Тараз қаласына қар түсті. Енді бұл «жығылғанға – жұдырық» болатыны анық. Ертең ол қар ерігенде енді кімді кінәлап, кімнен жауап алар екенбіз?Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы