Адам ағзасын саудалау тақырыбы халық арасында көп талқыланса да, қара нарықтағы айналым жайында ашық айтыла бермейді. Өйткені еліміздің заңына сәйкес, ағза саудасына қатаң тыйым салынған. Десек те, амалын тауып, заңды «аттап» өтіп жүргендер бар. Жалпы алғанда, бұл мәселе Қазақстанда ғана емес, күллі әлемде бар. Қайтпек керек?
Донор тапшылығы заңсыз әрекетке себеп пе?
Бұл тақырып 17 жастағы Аяжан Еділованың өлімінен кейін тағы қозғала бастады. Өйткені кейбірі күдіктінің бұл қылмысқа ағза саудасы үшін баруы мүмкін деген болжам жасап жатыр. Мұның ақ-қарасын жауапты органдар анықтай жатар. Дегенмен жұрттың осы оқиғадан соң дүрлігіп, қорқып қалғаны рас. Ендеше заңға қайшы қимылдың неге азаймай отырғанын талдап көрелік. Айтқандай, ағзаны ашықтан-ашық саудалауға тыйым салынған. Сатушының да, сатып алушы тараптың да мұндай қадамға басын қатерге тіге отырып баруына не себеп болуы мүмкін? Біріншіден, бүгінде донор ағзасын алуға кезекте тұрған адам өте көп. Яғни, заңға бағынып, тәртіпті азамат болғысы келсе де, өмірі қыл үстінде тұрған ақшалы адамның тәуекел жасауы аса қиын шаруа емес. Трансплантологтерде бүгінде материал өте тапшы. 24.kz сайтында жарияланған материалда ел бойынша 3 500-ге жуық науқастың органдарды трансплантациялау кезегінде тұрғаны айтылған. Соның ішінде бүйрек ауыстыруды қажет ететіндер басым. Тіпті, бір ғана Қарағанды облысында 300-ден астам адам бүйрек донорын күтіп отыр. Дегенмен соңғы 2 жылда бірде-бір науқасқа донор табылмапты. Осыдан-ақ әлгі тәуекелдің салмағын бағамдай беріңіз. Әлбетте, материал жетіспегеніне ешкімді тікелей кінәлай алмаймыз. Әрі заңсыз әрекеттерге баратындарды қолдап та отырған жоқпыз. Айтпағымыз елдегі ауыр ахуал хақында. Мамандармен тілдесе қалсаңыз, біздегі мәйіт донорлығының дамымауымен байланыстырады. Яғни, көзі тірісінде азғасын беруге қарсы емес екенін жазып кететіндер қатары көбейсе, ағзаға мұқтаж қаншама жанның өмірін сақтап қалуға болар еді деген пікір айтады. Бұдан бөлек, біреудің ағзасының біреуге келуі оңай емес. Медицина ғылымдарының докторы, профессор Жақсылық Досқалиев ағзаны саудалауға қатысты жарнамалардың бос сөз екенін айтып отыр. «Біріншіден, заң бойынша ағза саудасына тыйым салынған. Екіншіден, «ағзамды сатамын» деген жарнамалар да негізсіз. Өйткені ең алдымен донордыкі реципиентке сәйкес келуі керек. Яғни, кез келген адам ағзасын сата алмайды. Үшіншіден, бұл процесті этикалық кеңес қадағалайды. Алдымен донордың генетикалық байланысы бар ма, жоқ па, сол анықталады. Егер туысқаны болмай шықса, рұқсат берілмейді. Бұл дегеніміз рұқсат болмаған жағдайда еш клиника операция жасауды мойнына алмайды деген сөз. Заң бойынша, ағзасын сататыны туралы жарнама жасауға да тыйым салынған. Мұндай ақпараттарды шығаратындардың әрекеті ақымақтық па, әлде білместік пе, белгісіз», – дейді трансплантолог. Донор болуға дайын екенін білдіргендер де, ағзаға мұқтаж тарап та мұны құпияда ұстайды. Сондықтан бұл саладағы алаяқтық жайлы нақты дерек жоқ. Осыдан алты жыл бұрын қазақстандық азамат қиын жағдайға тап болғандықтан бүйрегін сатқаны туралы теледидар арқылы ашық мойындаған еді. Бірақ операциядан кейін оған келісілген ақшасын бермей, ол аз болса, соққыға жығып кеткен. Келісім бойынша оған 4 миллион теңге төлеу керек болған. Сөйтіп, бір бүйрекпен қалған азамат қарызға белшеден батып, кредиторлардан қашып жүргенін мәлімдеген еді. Тағы бір жігіт отандық шоу-бағдарлама қонағы болып келгенінде бүйрегін сатуға әзір екенін, жағдайы ауыр екенін тілге тиек еткен болатын.Ағза саудасына қатысты ең шулы сот отырысы
Былтыр «Қара базардағы» ағза саудасына қатысты ең шулы әрі ең алғашқы сот процесі өтті. Қылмыстық іс қатысушылары болған Ғани Құттымұратов пен Абылай Донбай – белгілі хирургтер. 2019 жылдың жазында Құттымұратов ұсталады. Сөйтіп, тергеудің бір нұсқасында трансплантологтің органдарды заңсыз алуға және соларды сатумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы бар деп айтылған. Араға жарты жыл салып, тағы бір хирург ұсталды. Бұл іске Қырғызстан азаматы Бермет Тайсалованың да қатысы бар делінген. Тергеу аяқталған соң оқиға былай өрбіген деп ақпарат тарады: Қазақстан аумағында бүйрек трансплантациялау операциясы жасалған. Ағзаны Израильден шыққан дәулетті шетелдік азаматтарға салған. Яғни, ағзаны шетелдіктен алып, шетелдікке салған деді. Сау бүйрек үшін донорларға 15 мың доллар берген. Ал реципиенттерден шыққан шығын 150 мың доллар шамасында болыпты. Тергеу жүріп жатқанда құқық қорғау органдары бұл істің анық-қанығы жайлы жақ ашпады. Сот та жабық режимде өтті. Бізге белгілі жайт сол – трансұлттық қылмыстық ұйымға және ағзаны заңсыз алуға екі дәрігердің қатысы жоқ болып шықты. Шетелдік азаматтар арасында ағза ауыстыруға заң тыйым салмайды. Былайша айтқанда, қазақстандық азаматтың ағзасын шетелдікке бермесе болды.Заңсыздықты тоқтату мүмкін болмаса да, қалай азайтамыз?
Әлеуметтік желіде не жарнама сайттарында арагідік ағза саудасына қатысты хабарландырулар жарық көріп тұрады. Дегенмен аноним хабарландыру беруші өзі жайлы ақпарат таратпайды. Әлгі хабарландыруға ауға түскен балықтай елең еткендер өздері жекеге шығып, әрмен қарай «келісім» жасауы мүмкін. Кейде бағасын жазып қоятындар да табылады. Бір бүйректің бағасы 80-100 мың доллар деп көрсеткендер бар. Шын мәнінде, мұндай қымбат бағаға келісуі екіталай. Орта есеппен 20-30 мың доллар шамасында сатылады-мыс. Ағзасын сатқандарды тапқан күннің өзінде олар өздерін ашық жариялауға рұқсат етпейді. Десек те, мұндай адамдар бар. Бағасын да жұрт содан біліп алған. Бұған дейін айтқанымыздай, кезек күтіп отырмас үшін көпшілігі тума-туысқа өтініш айтады. Мәселен, Аiqyn газетінің Қарағанды облысындағы тілшісі Әдебиет Жұманұлы жақынына бір бүйрегін берген. «Екі жыл бұрын жиенім қатты ауырып, соған бір бүйрегімді бердім. Оның екі бүйрегі де жұмыс істемей қалып, донор іздеген болатын. Мен «көрейін, егер дәлдік болып жатса, беремін» дедім. Сол 2018 жылдың 1 сәуірі күні бүйрегімді алып, жиенге салу операциясы жақсы өтті. Бізде донорға қандай да болсын көмек бар ма, жоқ па, білмеймін. Екі жыл ішінде екі-үш рет толық тексерістен өттім. Бәрі де ақылы. Бір жыл бұрын мемлекеттік емханаға барып, тексеруден өткен едім. Бір анализ нәтижесін төрт-бес күн күттім. Басқа да тексерістер ұзақ уақыт алады. Ал жекеменшікке барсаңыз, бір күнде дайын болады. Содан қазір жекеменшік ауруханаларға жүгінемін. Шыны керек, донорларға көмек немесе басқа да жағдай жасала ма, ол жағын сұрастырмаппын», – дейді донор. Туыстар арасынан сәйкес келетін, беруге даяр адам табыла қалса, мәселе жоқ. Ал енді мүлдем амал қалмағанда, заңсыздыққа жол беру басталады. Заңгер Абзал Темірғалиұлының айтуынша, мұндай қатерге бас тігуге әлеуметтік ахуалдың нашарлығы себеп болады. «Мемлекет қанша жерден тыйым салса да, ағза саудалау, есірткі және қару-жарақ саудасы сынды қылмыс жүріп жатыр. Айналымы да ірі. Тоқтамауының бір себебі – өте үлкен табыс әкелетініне байланысты. Әрине, санын азайтуға болады. Бірақ түбегейлі тамырын жою мүмкін емес. Мейлі қандай ауыр жаза шығарса да, ол – адами фактор. Мысалы, мынадай жағдайды елестетейік. Өмір бойы бар ойлағаны ақша, адамгершіліктен ада кісілер болады. Күндердің күнінде сол адамға азға қажет болып қалды делік. Мұндайда қалтасында пәленбай миллион ақшасы бар адам не істейді? Әрине, жанын сақтап қалуға тырысады. Ақшасын аямайды. Сөйтіп, 100 мың теңге айлыққа күнін әрең көріп жүрген дәрігер 100 мың долларды бір күнде табатын мүмкіндік туса, басындағы біраз мәселесін шешіп алатын еді. Амалсыз, сол қылмысқа баруы мүмкін. Халықтың әл-ауқаты көтерілгенде ғана қылмыстың кез келген түрін азайтуға сеп болады. Әлеуметтік жағдайдың төмен болуы қылмысты өршіте түседі. Дамыған елдермен салыстырсаңыз, ондағы қылмыс деңгейі әлдеқайда аз», – дейді заңгер. Осы тақырыпты қазбалай келе, интернеттен бүйрек донорларын табуға көмектесетін сайтты көзіміз шалып қалды. Жарнамасы да жер жарып тұр: «Бүйрегіңізді сатып аламыз. Сыйақыны операцияға дейін төлейміз» делінген. Коммерциялық емес бастамашы топтың мақсаты – донор іздеп жүргендердің басын біріктіру. Заңды жолмен жасаудың да амалын тапқандарын айтады. Ақшасы да қомақты. Әсіресе, әлеуметтік жағдайы мәз емес болып жүргендерді елең еткізеді. Тоқетері сол, тәуекел түбі – қыруар қаражатқа ғана тіреліп тұр. Таразының бір басында – өмір үшін күрес, екіншісінде – қарызға белшеден батқан адам. Заңсыздыққа қабақ түйіп қарайтын мемлекеттің бақылауынан қалайда білінбей сытылып шығып жүрген бұл екі тарап қана емес. Осы іске қатысатын барлық адамның мүддесі бір қаржыға келіп тоғысады. Соған қарағанда, төмен жалақы мен жұмыссыздық осындай ессіздікке жол бастайтын болғаны шығар?!