Абайдың ақындық мектебі өкілдеріне баға берген ғұлама ғалым, кемеңгер жазушы М.Әуезов: «Мұндай ақын – төртеу. Оның екеуі Ақылбай, Мағауия – Абайдың өз балалары. Қалған екеуі – Көкбай, Шәкәрім. Осы төрт ақын Абайдың нағыз толық мағынадағы шәкірттері», – дейді. Аңғарғанымыздай, Абай шәкірттерінің тұлғасын айқындаған абайтану ғылымының асқары Мұхтар Омарханұлы Ақылбай шығармашылығына ерекше тоқталады. Оның тұлғасы ерек туындылары мен айтар ойы терең шығармаларына бойлайды. «Құнанбайдың мырзасы» атанып, артынша Абайдан тағылым алған Ақылбай хақында аз-кем әңгіме айтқанды ұйғардық.
Ақылбай – Абайдың 1861 жылы Ділдәдан туған тұңғыш баласы. Алғашқы балалық шағын және жігіттікке жеткен кезін Ақылбай өз әкесінің үйінде өткізбейді. Үлкен әкесі Құнанбайдың кенже баласы атанып, оның төртінші әйелі, ең соңғы тоқалы Нұрғанымның қолында өседі. 10 жасқа шыққан кезінде Ақылбайды Ғабитхан деген татар молдаға оқуға береді, онда 4-5 жыл оқиды. Осындай тәрбиелік жағдайының есебінен Ақылбай Абайға көбінше іні ретінде қарап өскен. Абайдың анық ұлғайып, үлкен білім иесі, атақты ақын болған кезінде ғана Ақылбай оның өз тәрбиесіне ауысады. Бірақ жас кезі, жігіттік шағы Абайдай әкеден аулақта өткендіктен, Ақылбай орысша оқи алмай қалған. Оның оқу - білімі ауылда оқыған мұсылманша, ескіше оқудың орташа дәрежесі болды. Құнанбай өзі сияқты қарадан шығып «хан» болған, яғни аға сұлтан болған, өзімен теңдес Қисықтың Жұмақан деген баласының қызы Ізіқанға құда түсіп, Ақылбайды үйлендіреді. Үйленген соң Ақылбайға енші бөліп беріп, Құнанбай бұл баласын да жеке бір ауыл етеді. Бұл Ақылбай сияқты Құнанбайдың жаңа отау көтерген мырзасының ауылы болып, сауық-сайранмен өтеді. Жасынан көрген тәрбиесі, ұшқан ұясы, Құнанбай аты Ақылбайды масаттандырады. Ақылбай жас күнінен талантты домбырашы, өлеңші де болады. Бірақ ол Құнанбай атағына, нағашыларының ата аруағына масаттанатын. Бұл кездердегі Ақылбай айтатын өлең сарыны: – Нағашым ер Қазыбек әулие өткен, Фәниден уақыт жетіп о да кеткен, Сасқан жан жер шетінен бабам десем, Аруағы көз ашқанша келіп жеткен, – деген сияқты болатын. Ақылбайдың «Нағашым ер Қазыбек» дейтіні Қаракесек, Қаздауысты Қазыбек би. Оның баласы Бекболат би, оның баласы Тіленші би, Тіленшінің баласы Алшынбай би, Алшынбайдың баласы Жүсіп. 1860 жылы Жүсіптің қызы Ділдәмен әкесі Абай отау құрады. Ақылбай Абай маңына да жақын тартып жуыңқырамай, сирек қатынасып жүреді. Сонымен қатар Ақылбай соншама ақкөңіл, алды-артын ойламайтын, аңқылдаған адам болған. Бір іске көңіл аударып, бет қойып беріліп кетсе, аса қабілетті де болады. [caption id="attachment_125190" align="aligncenter" > Суреттің авторы Н.Өтепбаев[/caption] Ақылбайдың жас күнінен әкесі Абайдан аулақ өскенін, оның ақкөңіл, аңқаулығын пайдаланып, Абай дұшпандары әке мен баланың арасына от жағып, зұлымдық айла жасап, екеуін мүлдем ажыратпақ та болған. Абай баласының осындай мінездеріне, жасынан көрген жағымсыз тәрбиесінен пайда болған әдеттеріне қатты кейіп, «Ата-анаға көз қуаныш» деген өлеңін жазады. Абайдың бұл өлеңі талпынбай жүрген талантты Ақылбайға үлкен ой салып, қатты толғантады. Бұл кезде Абай ауылы нағыз үлкен үлгілі мектепке айналған болатын. Ақылбай жігіт ағасы болып калған кезі де еді. Енді бұдан былайғы Ақылбай өмірі Абай алдында ақын шәкірт болып, өзінің талантты інілеріне ақын аға, Ақыл аға атанып өтеді. Ақылбай аса шебер музыкант, домбыра, гармон, скрипкаға жүйрік, мақтаулы өнерпаз болады. Құнанбайдың мырзасы атанып, «бұлғыннан ішік киіп», бұлғақтап өткізген мағынасыз өмірін Ақылбай қалжың-шыны аралас: – Бұлғыннан ішік кидім кәмшат жаға, Сарп еттім дүниені білмей баға. Талай қыз «Ақылжан» деп тұрушы еді, Дейтұғын сұмдық шықты-ау: «Ақыл аға» деп кейін өлең етеді. Ақылбай – Абай төңірегіндегі әржақты талантты шәкірттерінің бірі. Ақылбайдың ақындығымен бірге ән шығаратын композиторлық өнері де болған. «Ақылбай сауықшыл әнші, домбырашы, скрипкашы болатын... Домбыраға қазақтың ескі күйлері: «Азамат қожа», «Бұлаң жігіт», «Бес төре», «Асыр қалша» деген күйлерді тартатын. Скрипкада Абайдың әншісі атанған Мұқадан үйренген бірнеше түрлі орыс күйлерін орындайтын. Дойбы ойынында Ақылбайды ұтатын адам бола койған жоқ» деген естелік қалдырған екен Ақылбайдың замандасы Рақымжан Мамырзақов. Ақынның жастық, махаббат тақырыбына жазған бірнеше өлеңі болған. 1895 жылы Әбдірахман өліміне жазған жоқтау өлеңі, кейін 1904 жылы інісі Мағауияның қайтыс болуына шығарған жоқтауы да сақталған. Ақылбайды талантты ақын етіп танытқан оның белгілі поэмалары «Дағыстан» («Қисса-Жүсіп»), «Зұлыс», «Жаррах батыр». Бұл шығармаларының ішінен бізге толық жеткені тек «Дағыстан» ғана. «Зұлыс» поэмасының басы сақталса, «Жаррах батыр» түгелдей жоғалып кеткен. «Зұлыс» поэмасының басқы бір-екі бөлімі ғана сақталған. Бұл поэманың үзіндісі 1924 жылы «Сана» журналының 2-3 санында басылған. «Дағыстанның» («Кәрі Жүсіптің») үзіндісі 1918 жылы «Абай» журналының 5 санында жарияланған. Ақылбай жас кезінде 4-5 жыл Құнанбай ауыл молдасынан ескіше оқып, хат танығаннан басқа, ұзап оқымаған. Абайдың үлгі-өнегесімен Ақылбай заманының саналы азаматы, әдебиетке шын берілген ақыны болады. Абайдың әдебиет, өнер-білім жайындағы, адамгершілік, мәдениет жайындағы өсиеті Ақылбайдың дүниеге көзін ашады. Әсіресе, орыс мәдениетінен өнеге алуы, орыс әдебиетінен үлгі алып өсуі, ақындық талантына кең жол ашады. Ақылбай Абай өсиетін тыңдап қана емес, өз бетімен орыс ақындарын оқуға, терең түсініп ұғуға қолы жетеді. Пушкин мен Лермонтов Ақылбайдың сүйікті ақындары болады. Осындай ұлы ақындарды оқып, өнеге алған Ақылбай қазақ әдебиетінде тұңғыш Кавказды жырлаған ақын. Ақылбай – ұстазы Абайдың ақылымен тау халқының өмірінен «Дағыстан» («Кәрі Жүсіп») сияқты, Африкадағы зұлыстар жайынан «Зұлыс» сияқты тамаша романтикалық поэмалар жазып, қазақ әдебиетінде поэма жанрының жаңа түрін дамытқан, талантты, мәдениетті ақын. Ол әкесі Абаймен бірге 1893-1894 жылдар Семей қаласындағы Бастауыш білім беру ісіне қамқорлық жасайтын қоғамның толық мүшесі болады. Сөйтіп, өз тұсында мәдени-ағарту ісіне де қатысқаны байқалады.Бұлбұлназ МҰРАТҚЫЗЫ, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің ғылыми қызметкері