Фируза Шәріпова ресейлік боксшыны техникалық нокаутпен жеңді - видео

Фируза Шәріпова ресейлік боксшыны техникалық нокаутпен жеңді - видео

Қазанда қазақстандық боксшы Фируза Шәріпова мен ресейлік Юлия Чернобородова арасындағы жекпе-жек аяқталды. Алты раундқа жоспарланған жекпе-жекте Фируза Шәріпова қарсыласын төртінші кезеңде техникалық нокаутпен жеңді. Prosports.kz-тің хабарлауынша, Фируза Шәріпова кездесу басталғаннан белсенді жұдырықтасқан. Төртінші раундта ол қарсыласының бауыр тұсынан ұрып, нокдаунға түсірді. Төреші жекпе-жекті тоқтатты. Осылайша, Фируза техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Енді оның кәсіпқой рингте 13 жеңісі бар, оның жетеуін мерзімінен бұрын аяқтаған. Еске салайық, боксшылар жаңа М13 ұйымының титулын сарапқа салған болатын. Vesti.kz хабарлауынша, Шәріпованың қарсыласы ресейлік Софья Очигава болуы керек еді. Қазақстандық боксшы онымен 2016 жылы жұдырықтасып, жеңіліп қалған болатын. Басылым мәліметінше, Шәріпова мен Очигава жеңіл салмақтағы IBA және WBC Silver титулын сарапқа салуы керек еді. Жекпе-жек жеңімпазы абсолют әлем чемпионы Кэти Тейлормен кездесуге міндетті үміткер саналатын. Бірақ жекпе-жекке екі күн қалғанда Очигава белгісіз себептермен жекпе-жек өткізуден бас тартты. Кейін қазақстандық боксшының ресейлік Юлия Чернобородовамен жекпе-жекке шығатыны белгілі болды.