Ерекше қажеттілігі бар азаматтардың құқығы қорғалуы тиіс. Сенатта елімізде инклюзивті қоғам құру бағытында атқарылып жатқан жұмыс барысы талқыланды. Палата Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен кездесуде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығын қорғау мәселесі кеңінен сөз болды.
Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы ақпан айында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында инклюзивті қоғам құрудың және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта қалыптастырудың маңызына тоқталғанын тілге тиек етті. Сенат Төрағасы осы санаттағы жандарға қолдау көрсету қоғамның даму және өркендеу деңгейінің маңызды көрсеткіштерінің бірі екенін айтты. Бұл бағытта кешенді жұмыстар қолға алынғанымен, шешімін таппаған түйткілдер жетерлік. – Мемлекет тарапынан қабылданған шараларға қарамастан, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғаудың тиімді жүйесін құру әлі де болса өзекті. Оған түрлі үкіметтік емес ұйымдардан келіп түсетін өтініштер дәлел. Сондықтан біз осы кездесуге барлық мүдделі тараптарды – сенаторларды, меморгандардың және осы бағыттағы ұйымдардың басшыларын шақырдық. Өзекті мәселелерді бірлесе талқылап, бұл саладағы заңнамаларды жетілдіру жөнінде алдағы бағыт-бағдарды айқындап алуымыз керек, – деді М.Әшімбаев. Осы бағыттағы жүйелі қадамдардың бірі аталған санаттағы азаматтарды әлеуметтік қорғайтын жеке заң қабылдау екені сөзсіз. Парламент депутаттарының қарауына тиісті заң жобасы енгізілген. Статистика бойынша, бүгінде Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі 695 мыңнан астам адам бар. Оның 60%-ы не 419,8 мыңы еңбекке қабілетті жаста. Сенат Спикері қоғамдағы әлеуметтік көзқарас мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін өз әлеуетін толық көрсетуге қиындық туғызатын кедергілердің бірі болып отырғанына назар аударды. «Біз ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қатысты қоғамдық сананың түбегейлі жаңаруына ықпал ететін, қалыптасқан стереотиптерді және кемсітулерді толық жоятын шараларды заңнамалық тұрғыдан бекітіп, қабылдауымыз керек», – деді ол. Сенат Төрағасы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығын қорғауға қатысты жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретінін, оған барлық мүдделі тараптың өкілдері жұмылдырылатынын атап өтті. Кездесуде айтылған барлық ұсыныс заң жобасын жетілдіру және шешім қабылдау барысында ескерілмек.Елдос СЕНБАЙ