Дарабоз жазушы Қабдеш Жұмаділов 85 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Шеттегі қазақтардың шерін тарқатқан тарихи романымен қазақ әдебиетінің есігін ашты. Ұлттың намысын найзалаған, кеңестік жүйенің шындығын шырқыратқан ірі суреткер еді. Оның қаламынан туған әр шығармасының орны бөлек. «Соңғы көш», «Дарабоз», «Атамекен», «Тағдыр», «Таңғажайып дүние» және тағы басқа көптеген шығармалардың авторы.
Ол 1936 жылы 24 сәуірде Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағы Малдыбай ауылында дүниеге келген. 1956 жылы Қытай үкіметінің жолдамасымен Алматыға келіп, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсті. Алайда университеттің екінші курсынан кейін екі ел арасындағы саяси жағдайға байланысты кері шақырылып, 1958-1962 жылдар аралығында Қытайда қуғын-сүргінге ұшырады. 1962 жылы империя шекарасын бұзып өткен қазақ көшімен бірге атамекеніне қайта оралып, ҚазМУ-дегі аяқталмай қалған оқуын қайта жалғап, оны 1965 жылы бітіріп шығады. Жазушы әуелі көркем прозадан емес, өлеңнен бастаған. Ол туралы өзі де: «Менің ҚазМУ-ға түсуіме ақындығым себепкер болды. Кейін Қажығұмар Шабданұлының кеңесімен ептеп прозалық шығармалар жаза бастадым. 10-сынып оқып жүргенде жазған «Жамал» атты әңгімем 1956 жылы Шыңжаңдағы әдеби журнал «Шұғылаға» жарияланды. Бұл да менің мерейімді өсіріп, әдебиетші болып шығуыма шабыт, демеу болды. Осы жаққа келгенде де бірнеше өлеңдер жарияладым. Мен көрген шындықтар, ұлттың басындағы қасіреттер, зорлықтар өлеңге сыймайды екен. Мұқағали Мақатаев «Соңғы көштің» бірінші кітабын оқып болған соң арнайы келіп құттықтады. Өлең жазатынымды да білуші еді. Сонда маған: «Бала, өлеңді бізге қалдыр. Сенің жолың кең құлашты прозада екен» дегені әлі есімде» деп жазады. Қабдеш Жұмаділов тек тарихи шығармалармен ғана шектелген жоқ. Шәкәрім туралы «Аққуды атпас болар» деп жазса, Алжир азап лагеріндегі әйелдердің аянышты тағдыры туралы «Аранға түскен аққулар» деген шығармасын жазды. Екеуі де тағдыр туралы толғайды. Бірінде – қуғындалған, азап көрген, атылған, аштан өлген Абай ұрпақтары жайында сөз қозғаса, екіншісі – Тұрар Рысқұлов, Бейімбет Майлин, Темірбек Жүргеновтің азап лагеріндегі қиын күндері туралы баяндалады. «Жазушылықтың азап екені рас. 20 томдай кітап жазыппын. Бұл – тілеп алған ауруың. Мен өмірімді қайта бастасам, тағы да жазушы болу жолын таңдар едім. Бұл кәсіптің рақаты – алған сыйлығың, атағың да емес. Әр кітапты бітіріп, соңғы нүктесін қойған кезіңде жүрегіңді бір қуаныш билейді. Ол сәттегі ләззатты ештеңеге айырбастай алмайсың. Қоғамнан мезі болғанда тарихи роман жазудың рақатына батамын. Сол кезеңде сен ежелгі адамдармен сөйлескендей боласың. Билермен, хандармен, батырлармен бір табақтан ас ішіп, дәмдес боласың. Осының бәрі рақат. Бұл рақатты тек қалам ұстаған жазушы ғана түсінеді» деген екен қаламгер. Бар ғажапты қалам мен қағаздан тапты. Соның арқасы болар, оның қаламынан 10 роман туды. 20-дан астам повесть жазды. Одан бөлек, 70-тен астам әңгімесі бар. Қаламгердің «әр кітабы – бір-бір жартас, оны уақыт толқыны шая алмайды». Дулат ИСАБЕКОВ, Мемлекеттік сыйлықтың иегері: – Бұрын қаза дегендер алыста жүретін еді. Қазір бұл ажал біздің буынға да жақындап келетін секілді... Әскерде бір термин бар: «Бьет по нашему квадрату» деген. Сол айтқандай, біздің де буынның іргесі сөгіліп, қатары азайып келеді. Соның бірі – Қабдеш Жұмаділов. Қазақ әдебиетінде орны ерекше бөлек, басында талай-талай тағдыры бар, өте ұлтжанды, шеттегі қазақтың атамекеніне оралуына көп үлес қосқан, жан аямай күрескен, сол жақта жүріп, қуғындау көрсе де, ағайындарды елге келуге үгіттеп, қазақ көшінің басталуына айрықша қызмет жасаған азаматтың бірі еді. Қытайдағы талай жазушының көркем шығармаларын елге насихаттап, мұндағы ақын-жазушылардың да көркем дүниелерін арғы жақтағы ағайынға жеткізіп, арасында алтын көпір болды. Қабдештің жазған шығармаларының бәрі өлмейтін дүниелер. Өмірінің соңына дейін шындықпен айқасып келді. Көп білетін, сол білетіндерінің көбін өзімен бірге ала кетті. Жақында ғана қоңырау шалып, сөйлескен едік. Дауысы толымды, жайдары, жарқын шыққан. Дауысына қарап, «Құдайға шүкір, денсаулығы жақсы екен» деп ойлап едім. Бүгін Қабдештің қазасын естіп, айран-асыр болып отырмын. Қай өлім бізді айран-асыр қалдырмаған?! Өлімнің бәрі де айтпай, ескертпей келеді. Сөйтіп, өлім қазақ әдебиетінің тағы бір үлкен жарық жұлдызын алды да кетті. Артында көптеген шәкірті, қалың оқырманы бар. Мен сол қалың оқырманына көңіл айтқым келеді. Кімде-кім қаламгерді сыйласа, кімде-кім Қабдештің талантына бас исе, кімде-кім Қабдештің шығармаларын қолынан тастамай оқып жатса, сол адамдарға көңіл айтқым келеді. Жалпы, қазақ әдебиеті үлкен бір қазаға ұшырады. Біз оны көзіміздің тірісінде ұмыта қоймаймыз. Өйткені ол қазақ әдебиетінде ұмытылмас шығармалар қалдырды. Қазаққа, қалың оқырманға айтарым, қазаның арты қайырлы болсын! Қабдештің жатқан жері жайлы болсын! Кәдірбек СЕГІЗБАЕВ, жазушы: – Қабдеш Жұмаділов – қазақ прозасының қара нарларының бірі. Ол жастық шағында қаншалықты қиналып, шекарадан қиындықпен өтсе, елге келген соң, көптеген көркем дүниелер жазды. «Қаздар қайтқанда» дейтін әңгімесінен бастап, үлкен-үлкен романдарды дүниеге әкелді. Жалпы, өнімді жұмыс істеген жазушы. Қалай болғанда да Қабдештің қазақ әдебиетінен алатын орны ерекше. Оның бір қасиеті – ештеңеден жасқанбайтын, ештеңеден қайтпайтын, өз дегенімен ғана жүретін адам болатын. Айтысқан-тартысқан кездері де болды, бірақ ол әділдіктің жолында жүрген азамат еді. Әрине, мұндай азаматтан айырылу оңай емес. Қабанбай туралы жазған «Дарабоз» оқырманның іздеп жүріп оқитын, сүйікті кітабына айналды. Жаны жәннатта болып, пейіште нұры шалқысын! Заңғар КӘРІМХАН, PhD докторанты: – Қазақ даласының құйқалы өңірі, жазиралы өлкесі саналған Алтайда дүниеге келген Қабдеш ағамыз көшпелі дәуірдің соңғы күндерін, алтын кезеңнің ақырғы арқауын көрді, цивилизацияның ұлы топанына жұтылған өркениеттің ең соңғы сәттерін кейін қаламына арқау етті. Асқар тау, алтын бұлақ, жасыл құрақ, айдынды дала мен айбынды ерлердің жанына еріп, атасы Күдері би мен әкесі Жұмаділдің өнегесін бойына сіңіріп өсті. Ата дәстүрдің мызғымас қалыптары жастайынан дарығандықтан, ол ұлттық менталитетпен біте қайнасып туғандай еді. Заманның кең кезінде, Қытай мен Кеңес өкіметінің арасы жақсарып тұрған дәуірде Алматыдай әсем шаһарға жолы түсіп, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға қабылданып, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтен сабақ алып қоймай, тікелей жүздесіп, азды-көпті әңгімелескен шәкірт Қабдештің болашағы сол кезден айқындалғандай болған. Онысы түр ұқсастығынан басқа тіл ұқсастығы, қаламгерлік мақсатының ұштасқандығы. Бұдан кейін қырық құбылатын Қытай саясатының кесірінен «қалпақ киіп», «ұлтшыл» атанып, лагерьге сүргінге айдалып, тозақтай жерден аман шығып, 1962 жылғы көктемгі атақты көшті бастаушы-идеологіне айналады. Ел алдында ердің қандай ісі сіңді дегенде Қабдеш аға да осы көшке мұрындық болғанын мақтанышпен айтып жеткізетін еді. Бір әулетті ғана емес, мұқым елді, көшкен жұртты тарихи Отанға жеткізу миссиясын адал атқарғаннан соң, Қабдеш аға Қазақстанның баспа саласында, Жазушылар одағында қызметтер атқарды. Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылық жолы поэзиядан басталған. 1967 жылы «Жас дәурен» атты алғашқы жыр жинағы жарық көрді. Өзінің басындағы хал менен халық тағдырын шебер байланыстырған бір өлеңде ол: «Аралап көрсең нанасың, Әлемде талай қызық бар. Бақыт пен сордың арасын Бөледі қызыл сызықтар» деп жырлаған. Осылайша, алғашқы қалам қарымынан-ақ Қабдеш Жұмаділов әдебиеттің өз адамы екенін айқын білдірген. Бірыңғай прозалық шығармаға ойысқан соң, «Қаздар қайтып барады», «Көкейкесті», «Сәйгүліктер» сияқты туындыларымен көпке танылды. Жалпы, жазушы қаламынан бір жыр жинақ, көптеген әңгіме, хикаяттар, он шақты роман дүниеге келген екен. Қабдеш Жұмаділов – тарихи тақырыптарды көркемдеп жазудың қамшы салдырмас хас жүйрігі. Оның «Соңғы көш», «Дарабоз», «Атамекен», «Тағдыр» романдары – әдебиет сыны мен тарих таразысына жауап беретін кесек шығармалар. Жазушының өзі жазғандай, мызғымас, мұрты бұзылмас «бір-бір жартас». Қабдеш Жұмаділов халық алдындағы азамат парызын адал атқарды. Таза жүрді, ақ сөйледі. Парасатты жан болды, абырой биігінен көрінді. Сол биіктен түспеді. Әрдайым тарихтың көне қатпарын ақтарды, халық санасын оятты, әдебиетте өлшеусіз тер төкті, үнемі халық жағында болды. Ұраны – Алаш, ұстанымы – адалдық екені анық. Адамның өлшеулі ғұмырында барлық кезеңді толық игерген, өзіне жүктелген қаламгерлік міндетті толық орындаған, халықтың нағыз ақсақалы атанды. Ағамызды өлімге қимаймыз. Шығармаларын қайталап оқыған сайын оның тірі екеніне, сөзінің өлмегеніне, әлі де арамызда жүретініне сенеміз. Ағамыздың әулетіне, Сәуле апайымызға, Арман ағамыз бастаған ұл-қыздарына, туыс-туғандарына, жалпы қазақ еліне қайғырып көңіл айтамыз. Қош, Аға! Бақұл болыңыз!Дайындаған Гүлзина БЕКТАС