Қорғаныс министрлігі бесжұлдызды қонақүй қызметіне зәру ме?

Қорғаныс министрлігі бесжұлдызды қонақүй қызметіне зәру ме?

ҚР Қорғаныс министрлігі "65235 әскери бөлімі" РМК Нұр-Сұлтандағы бесжұлдызды қонақүй қызметіне 1 771 500 теңге төлеген. Aikyn.kz министрліктің бесжұлдызды қонақүйде қандай қызмет жалдағанын тексеріп көрді. Мемлекеттік сатып алу сайтынан байқағанымыздай, Қорғаныс министрлігі 2018 жылдан бері The Ritz-Carlton Astana қонақүйінің тұрақты клиентіне айналған.

11 наурызда ҚР Қорғаныс министрлігі "65235 әскери бөлімі" Astana Hotel Management ЖШС-мен  бір көзден сатып алу тәсілімен тікелей келісімшартқа отырған. Бұл компания Достық 16 мекенжайында орналасқан. Ол жерде The Ritz-Carlton Astana қонақүйі бар. Министрліктің ғимараты да соның жанында орналасқан. Бесжұлдызды қонақүй қызметінің ақысы республикалық бюджет есебінен төленген.  Келісімшартта бұл қаржының ҚР Қарулы Күштерінің жауынгерлік, жұмылдыру дайындығын қамтамасыз ету бюджеттік бағдарламасын және ҚР Қарулы Күштерінің жауынгерлік әзірлігін арттыру кіші бағдарламасын жүзеге асыруға жұмсалатыны жазылған. Сонымен бесжұлдызды қонақүй барлығы 1,7 миллион теңгеге қандай қызмет көрсетті: Аумағы 100-115 м.ш өкілдік люкс бөлмені 2,5 тәулікке жалдауға 575 мың теңге төленген. [caption id="attachment_126041" align="aligncenter" > The Ritz-Carlton Astana қонақүйіндегі өкілдік люкс бөлме. Фото: Ritzcarlton.com[/caption]

Аумағы 42 м.ш делюкс бөлмені 7,5 тәулікке жалдауға 712 мың теңге төленген.

 

Келісімшарт бойынша үшмезгіл ас берілуі керек. Техникалық сипаттамасында "жоғары дәрежеде" ас дайындалуы керек екені жазылған. Төмендегі құжаттан бір адамға арналған ас мәзірін көруге болады. Оған бюджеттен 104 мың теңге бөлінген.

Сонымен бірге "жоғары деңгейде" кофе-брейк өткізілген. Оған бюджеттен 40 мың теңге бөлінген.

Сол қонақүйден 340 мың теңгеге аумағы 500 ш.м зал жалға алынған. Техникалық сипаттамасында залда дыбыс шығаратын жабдықтар, микрофон, бағана, проектор экран және кеңсе жабдықтары болуы керек екені жазылған.

Сатып алу құжаттарына ҚР Қорғаныс министрлігі Протокол басқармасы протоколдық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы, подполковник Н. Есенжолов қол қойған. Айта кетейік, Қорғаныс министрлігінің өкілдері 2019 жылы да дәл осы қонақүйде 9,7 миллион теңгеге республикалық бюджет есебінен "жоғары деңгейде" түскі және кешкі ас ішкен. Онда да тікелей келісімшарт арқылы бір көзден сатып алу жасалған. Қызметтік техникалық сипаттамасында "жоғары деңгейдегі" ас дайындалуы керек екені жазылған. 2019 жылы Қорғаныс министрлігі "65235 әскери бөлімі" Astana Hotel Management ЖШС-мен бірнеше рет бір көзден сатып алу тәсілімен тікелей келісімшартқа отырған. Солардың бірі - күндiзгi жарықпен келiссөз өткізуге арналған залды (1,5 млн), аумағы 260 ш.м күндізгі жарық түскен конференц-залды (8,7 млн.) және аумағы 1000 ш.м болатын екі үлкен залды (36,5 млн., 5,4 млн.) жалға алуға барлығы 52,1 миллион теңге жұмсалған. [caption id="attachment_126043" align="aligncenter" > Қонақүйдегі залдардың бірі. Фото: Ritzcarlton.com[/caption]