Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Тацухико Касаимен кездесті. Жүздесу барысында екі ел ынтымақтастығын одан әрі нығайту, парламентаралық байланысты арттыру мәселелері сөз болды. Сенат Спикері Қазақстан елде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға баса мән беріп отырғанын атап өтті.
«Біздің еліміз шетелдік инвесторларды тарту және олардың құқықтарын қорғау бойынша белсенді жұмысты әрі қарай жалғастыруда. Мемлекет басшысының тапсырмасымен тиісті заңдарға қажетті түзетулер енгізілді. Соған сәйкес, енді инвестицияның көлемі мен мерзіміне және жұмыс орнына байланысты инвесторлар корпоративті табыс салығынан, жер салығынан, қосымша құн салығынан және мүлік салығынан 10 жылға дейін босатылады. Мұндай қадам ел экономикасына шетелдік, оның ішінде жапон инвесторларын тарту және қазіргідей күрделі уақытта жаңа жобаларды іске асыру үшін қажет», – деді М.Әшімбаев. Сондай-ақ ол Қазақстан мен Жапония арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанына назар аудартты. Бұған Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті мен М.Нәрікбаев атындағы Қазақ мемлекеттік заң университетінде жапон тілін оқытатын орталықтардың жұмыс істеуі дәлел. Одан бөлек, Сенат Спикері пандемия кезеңінде елімізге көмек қолын созған Жапония үкіметіне алғысын білдірді. «Қазақстандағы медициналық мекемелерге жапон медициналық қондырғыларын алу үшін арнайы грант бөлген Жапония үкіметіне алғысымызды білдіреміз. Бұл көмекті қазіргідей күрделі кезеңде достық пен өзара тиімді және сенімді серіктестіктің жарқын көрінісі деп қабылдаймыз», – деді Сенат Төрағасы. М.Әшімбаев Сенаттың екіжақты ынтымақтастықты және Қазақстан мен Жапония арасындағы парламентаралық қарым-қатынасты одан әрі нығайту үшін тиісті жұмысты жалғастыратынын жеткізді.Айхан ШӘРІП