Тәуелсіздік алғаннан бергі жетістіктерді сөз еткенде ел дамуына өлшеусіз үлес қосуы тиіс білім мен ғылым саласына тоқталмай өту мүмкін емес. Әсіресе, Қазақстан жастарына жаһандағы дамыған, оқу-тоқуы жетілген мемлекеттердің есігін ашқан «Болашақ» бағдарламасының жөні бөлек.
Әу баста «Болашақ» Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1993 жылы 5 қарашадағы №1394 қаулысына сәйкес құрылды. Бұл бағдарлама 90-жылдардың күрделі кезеңіне сәйкес келгенімен, Елбасы бағдарламаның ел келешегі үшін маңызды екенін жақсы түсінген еді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті еліміз нарықтық қатынастарға көшкен сәттегі қиындықтарға қарамастан жасалған қадамның маңызды болғанын атап өткен-ді. «Болашақ» бағдарламасын бекіту туралы қаулы қабылдаған кезде Қазақстанның төл валютасы айналымға әлі енбеген болатын. Соған қарамастан мемлекет тәуекелге барды. «Біздің «Болашақ» бағдарламасын бекіткеніміздің дұрыс болғанын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Еліміз үшін ең күрделі болған 1993 жылы қарттарға зейнетақысын бере алмай жатқан кезде, мұғалімдер мен дәрігерлерге, әскерилерге айлығын төлей алмай жатқан тұста жастарымызды әлемнің ең үздік ЖОО-ларына жолдап жаттық. Мемлекет әрбір жас үшін жыл сайын 30 мың-50 мың АҚШ долларға дейін төлеп отырды. Міне, осы жолмен қазір 14 мың жас өрен оқып, тағы да 20 мыңын ата-аналардың өзі жіберіп отыр. Олардың 12 мыңы қайтып келіп, біздің экономикаға жұмыс істеуде» деген еді Елбасы 2019 жылы. Яғни, экономика мен әлеуметтік салаларға қаржы табылмай тұрған қиын сәтте мемлекет білімді кадрлар даярлауды бірінші орынға шығарды. Бүгінде бағдарлама өз жемісін беріп жатыр.Алғашқы студенттер 1994 жылы шетелге кетті
Негізі, Қазақстан сол жылдары ТМД-да бірінші болып шетелдерде жастарды оқытуды бастаған мемлекет еді. Әрине, ол кезде өз қалталарынан қаржы шығарып, Еуропа мен АҚШ-қа, Жапония мен Кореяға оқуға кеткен азаматтар ТМД елдерінде аз болған жоқ. Алайда дәл Қазақстан сияқты бұл іске мемлекеттік деңгейде мән беріп, арнайы бағдарлама әзірлегендер сирек еді. Өйткені шетелдерде жастарды оқыту арзан «ермек» емес. Қазақстандық алғашқы студенттер 1994 жылы оқуға аттанған болатын. Сөйтіп, 1994-2004 жылдар аралығында әлемнің 13 елінде 785 студент білім алды. Кейін шетелге оқуға кететін студенттер саны мыңдап саналатын болды. 27 жыл ішінде 11 мыңнан астам білікті кадр даярланды. Сонымен бірге мыңдаған азаматымыз әлі шетелдерде білім алып жатыр. Статистикаға сүйенсек, олардың 44,4 пайызы Ұлыбритания мен Ирландияның оқу орнында, 41,9 пайызы АҚШ пен Канада университетінде, 6,4 пайызы Еуропа елдерінде білім алып жүр. Сонымен бірге 3,6 пайызы – Аустралияда, 2,2 пайызы – Ресейде, 1,5 пайызы Азия елдерінде оқып жүр. Бұл Қазақстанның жоғары білім саласында да көпвекторлы бағыт ұстанатынын көрсетеді. Ал «Болашақ» бағдарламасы бұл ұстанымның ұстынына айналған.«Болашақтықтардың» жетістігі қандай?
Бүгінде «Болашақ» стипендиясы арқылы шетелдерде оқып келген мыңдаған маман түрлі салаларда еңбек етіп жүр. Олар медицина, инженерия, IT, білім беру, құқық және басқа да салада қызмет етуде. «Болашақ» стипендиясымен оқыған 150-ден астам азамат ғылыми мекеме мен жоғары оқу орнында профессор деңгейіне жетті. Олар жылына 1,2 мың ғылыми мақала жариялайды. Сонымен қатар бағдарлама нәтижесінде экономиканың нақты секторына 4 мыңнан астам маман қосылды. Олардың 2,2 мыңы инженер болса, 1,5 мыңы ақпараттық технологиялар мен коммуникация, 400 адам жаратылыстану, 80 маман ауыл шаруашылығы саласында еңбек етуде. Одан бөлек, шетелдерде оқып келген 790 маман медицина саласында жұмыс істейді. Олардың 545-і – білікті дәрігер. Жылына бұл мамандар шамамен 213 мың науқасты емдейді. 972 маман бастауыш, орта және жоғары оқу орындары мен білім беру орталықтарында жұмыс істейді. Олар шамамен 163 азаматқа білім беріп жүр. Сонымен бірге 200-ден астам азамат өнер, мәдениет саласында еңбек етеді. Демек, жылына миллионға жуық көрермен тамашалайтын 5 мыңдай концерт, қойылым және түрлі мәдени шара өткізеді деген сөз. Жалпы, «болашақтықтардың» 75 пайызы өз білгендерімен ұдайы бөлісіп отыратыны анықталған. Осылайша, Елбасының тікелей бақылауында құрылған «Болашақ» бағдарламасы Қазақстанда білім мен ғылымды насихаттауға орасан зор еңбек сіңіруде. Бұл үрдіс әрі қарай жалғасын табары сөзсіз.Ағылшын тілін үйренушілер қатары артты
Әдетте «Болашақ» бағдарламасы туралы сөз еткенде көбіне нақты даярланған мамандар, олардың қызмет етіп жүрген салалары жайлы көбірек сөз болады. Дегенмен бағдарламаның қосымша әсері бар екені байқалады. Әрине, бұл бағытта нақты зерттеу жасалған жоқ. «Болашақ» бағдарламасы енгізілгеннен бері елімізде ағылшын немесе өзге де шет тілдерін үйренуге деген сұраныс күрт өсті. Бүгінде мектеп оқушыларының арасында IELTS және TOEFL қатарлы емтихандарды тапсыруға тырысатындар қатары да артқан. Қазір аталған емтихандар мен өзге тілдердің сынақтарынан жоғары ұпай алатын оқушылар аз емес. Бұл дегеніңіз – Елбасының үштілді еркін меңгеруге бағытталған саясатының автоматты түрде жүзеге аса бастағанының көрінісі. Сонымен қатар бағдарлама бастапқы кезде қаржы бар, бақуатты отбасы балаларының ғана қолы жететін жоба сияқты көрінгенімен, іс жүзінде қазір стипендия барлық әлеуметтік топ өкілдері үшін қолайлы деңгейге жетті. Тек жастар білімін дәлелдесе болғаны. Ал кейін оқу бітіріп келген жастар өз қабілет-қарымына байланысты жоғары қызметке орналасуға мүмкіндік алады. Бұл бағдарламаның әлеуметтік саты рөлін атқарып отырғанын көрсетеді. Сондай-ақ бағдарлама қоғамдағы әлеуметтік топтардың арасындағы жіктің тереңдеп кетуіне де жол бермейтін құралға айналды. Яғни, дәстүрлі капиталистік қоғамдағыдай бай мен кедейдің арасындағы алшақтықтың денсаулық сақтау, білім беру сияқты салаларға еніп кетуіне тосқауыл болуда. Бұл жағынан қарастырғанда бағдарлама Қазақстанның әлеуметтік мемлекет құруды басшылыққа алған ұстанымымен үйлескен жоба.А.СҰЛТАН