Ажыраспақ болған әйелін қорқытқан күйеуі жауапқа тартылатын болды

Ажыраспақ болған әйелін қорқытқан күйеуі жауапқа тартылатын болды

Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті хабарлағандай, ол әйелімен ажырасқысы келмеген. Бұл қарсылығынан түк шықпаған соң, келіншегінің жалаңаш түскен видеоларын тума-туыстары мен барлық таныстарына таратамын деп қорқытқан. Бұл туралы AstanaTV хабарлады.

Бұған көнбеген соң, әйелінің бейәдеп видеоларын жақындарына WhatsApp арқылы таратқан. Осылайша, ол әйелін ұялтып, отбасына кері қайтаруға тырысыпты. Келіншек полицияға шағымданған. Күйеуінің әрекетіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ерлі-зайыптылардың арасындағы дауды енді сот шешпек.

Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекші маманы Мөлдір Садырғалиева: «Қазір осы оқиға бойынша ҚР ҚК 311-бабы, 1-бөлігі, яғни порнографиялық материалдарды заңсыз тарату дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Заң бойынша күдіктіге 2 мың АЕК көлемінде айыппұл салу немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған», – деді.