Палата Cпикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Сенат отырысында сенаторлар «Кейбір заңнамалық актілерге туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады. Заңда туризм секторына серпін беру тетіктері қарастырылған.
Бұдан былай мемлекет туристік әлеуеті жоғары аумақтарда нысан салған кәсіпкерлер үшін инвестициялық жеңілдіктер қарастыруға міндетті болады. Ондай арнайы аймақтардың тізімі жеке бекітіледі. Ал кәсіпкердің құрылысқа салған инвестициясының көлемі 200 мың АЕК-тен асуы керек. Сондай-ақ мемлекет жол бойында қызмет көрсету саласындағы шығынның бір бөлігін өтейді және туроператорлардың шығыстарын субсидиялайды. – Елімізде туризм саласын дамыту – маңызды мақсаттардың бірі. Бүгін қабылданған заң осы бағытта кешенді заңнамалық негіз қалыптастырады. Оған сәйкес, қаржылай қолдау тетіктерінің де ауқымы кеңейді. Олардың қатарында инвестициялық жеңілдіктер, туристік қызметті ынталандыру, сырттан туристер әкелетін туроператорлардың шығындарын субсидиялау сияқты басымдықтар бар, – деді Жоғарғы палата Төрағасы Мәулен Әшімбаев. Сонымен қатар Сенат отырысында депутаттар Қазақстан және Қырғыз Республикасының үкіметтері арасындағы «Көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды құптады. Осы арқылы көші-қон процестері мен азаматтық мәселелерін реттеу және заңсыз көші-қон арналарын анықтау бойынша мәліметтер алмасу үшін қолайлы жағдай жасалады. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, былтыр Қырғыз Республикасынан Қазақстанға 280 мыңнан астам адам келген. Сот арқылы 674 адам депортацияланды. 3 мыңнан астам шетелдік әкімшілік жазаға тартылды. Біздің ел арқылы заңсыз көші-қонның транзиттік арнасын ұйымдастырған топтарға 27 қылмыстық іс қозғалды. Қазақстан көші-қон саласында ұқсас 23 келісімді Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Беларусь және басқа елдермен ратификациялады. Мұның сыртында сенаторлар «Кейбір заңнамалық актілерге адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының жекелеген даулы нормалары бойынша Мәжіліс пен Сенат арасындағы келіспеушілікті еңсеру үшін келісім комиссиясының ұсынысын қабылдады.Елдос СЕНБАЙ