Тұңғыш инвестор «Теңізшевройл» компаниясының қадасын қаққан Теңіз кенішінен мұнай алынғанына 6 сәуірде 30 жыл болды. Ал кеше Теңіз кенішіндегі зауыттың құбырынан ақ-сары түтін шығып, ауаға тарады.
Әлеуметтік желі мен мессенджерлерде Теңіз кенішіндегі құбырдан ақ-сары түтін шығып жатқаны туралы видео мен фото таралып жатыр. Анықталғандай, 7 сәуір сағат 15.20-да КТЖ-2-нің 4-жолындағы С511 қондырғысының жұмысы автоматты бұғаттағыш іске қосылғандықтан тоқтап қалған. Салдарынан ластаушы заттар (сары түтін) мұржа арқылы қоршаған ортаға шығарылған. «Теңізшевройл» ЖШС автоматты бұғаттағыштың іске қосылу себебі анықталып жатыр. Атырау облысы бойынша Экология департаментімен жоғарыда көрсетілген фактілерге қатысты «Теңізшевройл» ЖШС-не жоспардан тыс тексеру тағайындау мәселесі қарастырылуда. Аймақтағы зауыттардың ауаға лас қалдықтарды шығаруынан зәрезеп болған жергілікті тұрғындар Үкімет тарапынан аймақ тұрғындарына өтемақы беру мәселесін шешуді сұрап отыр.Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы