Өткен жексенбіде, 11 сәуірде Қырғыз Республикасында жаңа Конституция жобасы бойынша референдум ұйымдастырылды. Оның нәтижесінде Алатаудың арғы баурайындағы ағайын ел президенттік басқару формасына көшті.
Қырғыз халқы қолдаған жаңа Ата заңға сәйкес, мемлекет көшбасшысының өкілеттіктері айтарлықтай кеңейтілді. Президент тек Мемлекет басшысы қызметін атқарып қана қоймай, енді ол қайтадан атқарушы билікті басқаратын болады, үкіметтің құрамын қалыптастырады. Бұған дейін министрлер кабинетін парламентке бағынатын премьер басқарып келген еді. Бұған қоса, президентті 6 жылға бір рет қана сайлау бойынша шектеу алып тасталды, оның орнына іс басындағы президентке 5 жылдан 2 мәрте ел басқаруға рұқсат етілді. Әрине, егер сайлауда жеңсе. [caption id="attachment_127717" align="alignnone" > ©sputnik.kg[/caption] «Посткеңестік кеңістікте «мықты президенттік басқару формасы демократияға кедергі келтіреді» деген жаңсақ пікір таралған. Салдарынан Қырғызстандағы, Армениядағы төңкерістер нәтижесінде президенттердің құзыры шектеліп, шынайы атқарушы билік парламентке есеп беретін премьерлердің қолында шоғырланды. Беларусь те сол өрісті бетке алуға ниетті. Бірақ, бұл қате түсінік. Басқаны айтпағанда, бүгінде демократияның тірегі саналатын АҚШ – президент лауазымы пайда болған әлемдегі тұңғыш мемлекет саналады. Президентураның америкалық моделі – әлемдегі дамушы елдердің басым көпшілігі үшін үлгі-өнеге», – дейді саясаттанушы, құқықтанушы Зейін Сабырқұлов. Оның байламынша, бағзы замандардан бері «бір мемлекет – бір билеуші» қалыбында дамып келген біздің өңірде парламенттік билік керісінше, елдің дамуына бөгеу болатыны байқалуда. «Өйткені парламенттік басқаруға көшкен елдерде «билік дуализмі» пайда болды. Жалпыхалықтық сайлауда көп дауыс жиған, яғни сайлаушылардың қолдауына ие президент саясатқа ықпал ету үшін Конституция арқылы басым құзырға ие парламентпен және премьермен үнемі бақталасып жатады. Бұл жерде суасты иірімдеріндей көзге көрінбегенімен, депутаттар мен беделді үкімет басшы арасында да қырқыс-қақтығыстар жүретіні мәлім. Ал президенттік басқару жүйесі біршама ұтымдылыққа ие. Онда президенттік институт және соған тартылған барлық лауазымды адамдар ел тағдыры үшін өз мойнына жауапкершілік алады. Егер президент ел сенімін ақтамаса, міндет-мұрат үдесінен шыға алмаса, халықтың сайлау арқылы басқа адамды таңдау мүмкіндігі бар», – деді З.Сабырқұлов. Оның айтуынша, президенттік институт саяси жүйеде қос биліктің орнауына жол бермейді. Бұл ретте ел парламенті тәуелсіз, төл бағдарын жүзеге асырады. Сөйтіп, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді. «Меніңше, президенттік билік демократияның дамуына көбірек мүмкіндік береді. Себебі парламенттік басқару даңғылына түскен мемлекетте парламентте басымдыққа ие болған партия не коалиция премьер-министрді тағайындайды. Нәтижесінде, елдегі бүкіл билікті уысында ұстаған қос институтты жалғыз бір күш қанжығалап кетеді. Ал президенттік басқару формасында президент бір партияның өкілі болуы, ал парламент керісінше, оған оппозиция саналатын партиядан құралуы мүмкін. Бұл бастамалар бәсекелестігін туғызады. Президент те, партиялар да сайлаушылардың дауысын көбірек жинау үшін күреске түседі. Егер бәсеке адал жүрсе, ол мемлекеттің буырқана дамуына, экономикалық өрлеуіне серпін береді», – деді саясаттанушы Зейін Сабырқұлов. З.Сабырқұловтың айтуынша, кез келген елдегі тұрақтылықты сақтау үшін биліктің жауапкершілігі керек. Мұны әралуан пиғылды көп адамнан құралған парламенттен гөрі халық сайлаған бір президенттен талап ету оңайырақ. Сондықтан болса керек, әлемде президент институтын 150-ден астам мемлекет таңдады. ХХ ғасырда азаттыққа қол жеткізген көптеген ел де мемлекеттігі мен тәуелсіздігін нығайту үшін дәл осы басқару түрін қалаған екен. «Қырғыз елі осы референдумда жік-жік, жақ-жақ бола бермей, бас біріктіре алатынын паш етті: дауыс берген сайлаушылардың 79,31%-ы жаңарған Конституцияны қолдапты. Жаңа жүйе Қырғыз Республикасын ел ұзақ аңсаған тұрақтылық пен әл-ауқатқа бастайды деген үміттеміз. Президентке мемлекеттің тұрақтылығының кепілі функциясы да жүктеледі. Елдің экономикалық дамуда артта қалуы немесе демократиялық тұрғыдан кенжелеуі – президенттік институттың кінәсі емес. Бұл – ел сайлаған мемлекет басшысының өз ісіне қаншалықты жауапты қарап, саясатты қаншалықты білікті жүргізе алуына байланысты», – деп түйді саясаттанушы Зейін Сабырқұлов. [caption id="attachment_127714" align="alignnone" > ©sputnik.kg[/caption] Саясат ғылымдарының докторы, профессор Марал Қалиеваның байламынша, елдің өркендеуі, демократиялық дамуы мемлекетті басқаратын саяси лидердің біліктілік деңгейіне байланысты болады. Ол қырғыз халқы таңдаған президенттік биліктің артықшылықтарын атады. «Президенттік институт посткеңестік кеңістікте тәуелсіз дамудың іргетасын қалады, өркендеуге жол ашты. Президент мемлекеттің бүтіндігін, оның құрылымдарының үйлесімді жұмысын қамтамасыз етеді. Биліктің заң шығару, атқарушы және сот тармақтарының оңтайлы, теңгерімді қызметіне мүмкіндік туғызады, олардың арасында дау туса, төреші-арбитр рөлін атқара алады», – деді ғалым. Бұл тұрғыдан алғанда, президент – мемлекеттік билік институттарының қызметін үйлесімге келтіретін интеграциялық құқықтық институт рөлін атқарады. Яғни, президенттік билікке оралу арқылы Қырғыз мемлекеті билік құрылымдарын үйлесімге келтіруге, сол арқылы жаңаша өркендеу жолына түсуге қадам жасап отыр.