Мүгедектер мен асыраушысынан айырылғандарға 97 млрд. теңге жәрдемақы берілді

Мүгедектер мен асыраушысынан айырылғандарға 97 млрд. теңге жәрдемақы берілді

Биыл қаңтар-наурыз айлары аралығында республикалық бюджеттен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 77 млрд. теңге, асыраушысынан айырылған азаматтарға 20,5 млрд. теңге бөлінген. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 2021 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 524,3 мың адам мүгедектігі бойынша, ал 168,8 мың адам асыраушысынан айырылғаны үшін мемлекеттен әлеуметтік жәрдемақы алған. Мүгедектік және асыраушыдан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобы мен себебіне, қайтыс болған (қаза тапқан) асыраушысы баққан адамдардың санына, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады. 2021 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша мүгедектігі бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері 49 502 теңге болса, асыраушысынан айырылу жағдайында берілетін жәрдемақының орташа мөлшері 41 369 теңге болды.