Жуырда мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың басшыларына бұрын ақша жымқырып, жемқорлық қылмысын жасаған адамдарды жұмысқа қабылдағаны үшін айыппұл салынатын болды.
Мұны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов хабарлаған еді. «Мемлекеттік орган немесе ұлттық компания басшысы бұрын сыбайлас жемқорлық жасаған адамды жұмысқа қабылдағаны үшін өз қалтасынан 100 АЕК көлемінде (2021 жылы 291 700 теңге) айыппұл төлейді. Ол Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 681-бабында көрсетілген. Сыбайлас жемқорлық жасаған адам енді мемлекеттік қызметте де, квазимемлекеттік секторда да, тіпті қатардағы лауазымда да жұмыс істей алмайды», – деді ол. Айтпақшы, сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған адамдарды жұмысқа орналастыруға тыйым салу туралы талап бұрын тек мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектордың басқарушы лауазымдарына қатысты болған. Енді бұл қатарға ұлттық компаниялар да қосылып отыр.Мектеп директорлығы – жайлы орын
2018 жылы Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында өз лауазымына сай болмай шыққан екі бірдей мектептің директоры орнынан босатылған еді. Кейін анықталғандай, аталған мектеп директорлары бұрын жемқорлық дерегі бойынша істі болған. Яғни, бірнеше жыл бұрын әкімдік қызметте жүрген кезінде жауапқа тартылып, басшылық қызметтерінен шеттетілген. 2017 жылы желтоқсанда осындай фактілерге жол бермеу мақсатында елімізде мектеп директорларын жұмысқа қабылдаудың жаңа механизмі іске қосылған. Соның аясында мұндай деректердің бірталайы кездескен екен. Оның алдында мектеп директорларын білім беру бөлімдерінің басшылары тағайындайтын болған. Кім қолайына жақса, соны сайлай салады. Одан кейін директорлыққа үміткерлер мектепті дамыту бағдарламасын қорғаумен қатар қамқоршылық кеңесінің келісімін алуы тиіс болды. Содан кейін ғана тестілеу сынағынан өтіп, қызметке кірісуіне құқығы бар.Пара алса да, орнында қалатындар бар
Осыдан біраз уақыт бұрын Түркістан облысындағы Кентау елді мекеніне қарасты Шаға ауылындағы Вахидов атындағы мектептің директоры Меринса Изатуллаева да 2019 жылы парамен ұсталған. Бірақ директор қызметін әлі күнге дейін жалғастырып келген. Бір қызығы, директорды Кентау қалалық білім бөлімі де қызметтен босата алмапты. – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті Изатуллаеваның тәртіптік жауапкершілігін қарау туралы ұсыныс бергені рас. Бірақ заң бойынша соттың үкімі шықпаған соң, директорды қызметінен босата алмаймыз, – деп мәлімдеген білім бөлімі. Ал 2020 жылдың желтоқсанында Павлодар облысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ринат Қойсомасов пен оның орынбасары Қизат Жақыповтың мәселесі Әдеп кеңесінде қаралыпты. Шенеуніктердің пара алуы енді қылмыс емес, ұсақ тәртіптік әрекетке айналғандай. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінен ұсыныс түсіп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жедел-іздестіру іс-шараларын жүзеге асыру барысында Қойсомасов пен Жақыпов 2019 жылғы қарашада алдын ала сөз байласу арқылы Павлодар облысының автожолдарын жөндеу, реконструкциялау және күтіп ұстау жөніндегі мемлекеттік сатып алу жұмыстарының жасалған шарттары бойынша «Гордорстрой» ЖШС директоры Моисеевтен қамқорлығы үшін жалпы сомасы 504 890 теңге пара алғаны анықталған. Содан соң қаражатқа Технодом сауда үйінен iPhone 11 Pro ұялы телефонын сатып алыпты. Алайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілдері лауазымды тұлғаларды ақтап алғандай болып, істі тоқтатыпты. Сондағы алға тартқандары, «Қылмыстық кодекстің 366-бабы «Пара алу» бойынша қолма-қол ақша жүруі міндетті» екен. «Біз мұның пара екенін білеміз, бірақ оны не үшін бергенін білмейміз. Мұндай деректермен қылмыстық істі сотқа жіберу мүмкін емес, сондықтан күдіктілердің конституциялық құқықтарын бұза алмаймыз» деп қорытындылапты кеңес. Осы тұста бір жайтты тілге тиек ете кеткен жөн. Елімізде заң мен оның орындалуы бөлек мәселе. Біз бұл мысалдарды неге келтірдік? Жемқорлыққа тұсау саламыз деген сайын, одан сытылғандар да көбейген сияқты. Сондықтан жаңа баптың арқалатар жүгі ауыр емес.