Оразаның адам ағзасына пайдасы мол. Ғалымдардың айтуынша, бір тәулікте 14-15 сағат ашығу иммунитетті нығайтып, зат алмасу процесін жақсартады. Сондықтан ораза кезінде дұрыс тамақтану маңызды. Aikyn.kz-ке диетолог Арай Әміре оразада қалай дұрыс тамақтану керек екенін айтты. Диетолог ауыз ашқанан кейін бір сәтте тойып алмай, аз-аздан жиі тамақтануға кеңес берді.
- Ауыз ашқан соң 0,5 литр су ішіп, 20 минуттай суды ағзаға сіңіріп, кейін ғана тамақтану қажет. Су ішек жолдарын шәйіп, ағзаны тазартады.
- Тамақтанғанда бірден майлы, ет тағамдарын жемей, әуелі, салат, сұйық тамақ ішкен жөн. Кейін ғана негізгі тағамды жеуге болады. Сонда ағзадағы зат алмасу процесі жақсарады.
- Ораза ұстаған адамның ағзасына әсіресе, омега 3 май қышқылы (балық) және D дәрумені (саңырауқұлақ, жұмыртқа және ет өнімдері) өте қажет.
"Сәресі таңғы ас есебінде жүреді. Оны ішпесеңіз, ораза ұстау уақыты 16 сағаттан 20 сағатқа дейін созылып кетеді. Сондықтан қандағы қант мерзімінен бұрын азайып, адам тез шаршайды", - дейді ол.
- Сәресіне қант қосылмаған талқан, ботқа, құрамында ақуызы көп тағамды көбірек жеу керек. Ас тойымды болуы үшін сүт немесе айран, йогурт (қантсыз), қатты ірімшік, жұмыртқа, дәнді нан, шикі көкөністер немесе зәйтүн майы қосылған салат жеген дұрыс.
- Әр адам күнде өзінің салмағын 30 мл.-ге көбейткенде шығатын мөлшерде су ішуі маңызды.
- Ауызашар мен сәресі арасында жиі су қажет, тіпті шөлдемесеңіз де. Судан басқа, шөп шайлары, сүт, айран, минералды су, жаңа сығылған жеміс-көкөніс шырындары сияқты сусындарды да шуге болады.
- Ораза кезінде майлы, қуырылған және ащы тағамдардан және соя соусы, суши, зәйтүн, ірімшіктің тұзды түрлерінен, тұздалған жаңғақтардан, шұжықтан, дайын сорпалардан, дәмдеуіштерден, қызанақ шырынынан бас тартқан дұрыс.
- Көбі Рамазан айында салмақ тастау оңай деп ойлайды, бірақ керісінше, тойып тамақ ішкендіктен және физикалық белсенді болмағасын артық салмақ қосылады. Әдетте ағза көп энергияны ас қорытуға жұмсайды, ал ауыз бекіткенде асқазанда ештеңе болмағандықтан артық энергияңыз болады. Соны пайдалы, құнарлы асқа жұмсауға тырысыңыз.