Ескі үлгідегі Қаржы полициясы киімін киіп, TikTok түсірген 22 жастағы астаналық жазаланады. Нұр-сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында ескі үлгідегі Қаржы полициясы формасын киіп билеген TikTok-блогердің бейнежазбасы анықталғанын хабарлады.
«Азамат өзінің іс-әрекетімен құқық қорғау органдарының қызметіне қоғамның теріс көзқарасын тудырды. Сонымен қатар мемлекеттік рәміздері бар киімді заңсыз пайдаланды. Осы арқылы мемлекеттік рәміздерге құрметсіздігін білдірді», – деді полициядан.Блогер Есіл ауданының Полиция басқармасына жеткізілді. Ұсталған 22 жастағы адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 675-бабы «Айырым белгілері және (немесе) нышандары бар әскери киімді, сондай-ақ нысанды киім мен арнаулы киім-кешекті заңсыз киіп жүру (пайдалану)» бойынша әкімшілік іс қозғалды. Қазір оның есірткіні насихаттауға бағытталған фотосуреттері зерттеліп жатыр.