Жаңадан құрылған кеңестің отырысында оның құрамы бекітіліп, алдағы жылға арналған жұмыс жоспары анықталды.
Партияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеңестің бірінші кезектегі міндеті – сайлауалды міндеттемелердің, соның ішінде үш ауысымды және апатты мектептер проблемасын шешу жөніндегі уәделердің іске асырылуын бақылау. Елбасы, Партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейінгі тиісті Жол картасы әзірленді.Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта мектептердегі тапшылық 265 мың оқушы орнын құрайды. Еліміз бойынша 137 мектеп үш ауысымда оқыса, тағы 34-і апатты деп танылған. Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар ұсынымдар әзірленді. Атап айтқанда, 800 жаңа мектеп құрылысын тиімді іске асыруды және бюджет қаражатын жұмсаудың тұрақты мониторингін қамтамасыз ету үшін «Nur Otan» партиясының орталық аппаратына ай сайынғы есеп беріп отыру, қоғамдық бақылауды күшейту, жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ өңірлік және аумақтық кеңес мүшелеріне әрбір мектепке жетекшілік етуді бекіту. Еске сала кетейік, бұған дейін Nur Otan Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек билеуші партияның сайлауалды уәделерін іске асыруды қалай қамтамасыз етуге ниетті екенін айтқан болатын. Оның айтуынша, Елбасы, Партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, сондай-ақ, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында партияның қоғамдық кеңестерінің жұмысы жүйелі түрде қайта құрылымдалады. Саяси кеңес Бюросының шешімімен таратылған партиялық кураторлар институтының орына Nur Otan-ның сайлауалды бағдарламасының нақты бағыттарының іске асырылуын бақылау бойынша 14 республикалық қоғамдық кеңес құрылды. Осындай кеңестер өңірлік деңгейде де құрылған.«Мектеп құрылысына бөлінген қаражаттың жұмсалуын талдау барысында 18,6 млрд. теңге игерілмегені анықталды. Қолданыстағы заңнама бұған тыйым салмайтынына қарамастан, бірде-бір аймақ Білім және ғылым министрлігімен қаражатты қайта бөлу туралы келісімге келмеген. Бақылау механизмдерін күшейту қажет», – деді Жұлдыз Сүлейменова.