Елімізде бала сатып алу 500 мың теңгеден басталады

Елімізде бала сатып алу 500 мың теңгеден басталады

Қазақстан «нарығында» нәрестенің бағасы 500 мың теңгеден басталады. Бұл туралы Aikyn.kz порталы «Еуразия-1» арнасына сілтей отырып хабарлайды.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сәйкес, соңғы 10 жылда Қазақстанда балалар үйіндегі тәрбиеленушілер саны 70 пайызға азайған. Алайда бала асырап алуға ниетті ата-аналардың кезегі ұзын-сонар. Содан болар ерлі-зайыптылардың басым көпшілігі перзент сүюдің басқа жолын қарастырады. Мұндайда олар көбінесе заңсыз әрекетке барып жатады. Мұндай оқиғаның бірін Қызылорда қаласының тұрғыны хабарлады. Олардың өздері делдал арқылы сәбилі болыпты.

– Балалар үйінде асырап алатын бала жоқ. Қанша іздесеңіз де, таппайсыз. Себебі балалар делдалдар мен перзентханалардың қолында. Біз бұл нәрестені өте арзанға алдық. Бар-жоғы 500 мың теңге. Бұл – бизнес, – дейді Динара.

Сөйтіп, телеарна тілшілері әлеуметтік желіге «бала сатып алғысы келетіні» жайлы хабарлама жариялады. Біраз адам хабарласып, баласын сатуға байланысты өз шарттарын қойды. Бірі – 30 жастағы тұрмысқа шықпаған келіншек. Алғашқы екі айда 150 мың теңге төлеп, сырқат бойынша демалысын өтеп беруін сұрады. Екіншісі, 17 жастағы алматылық бойжеткен. Құрсағындағы алты жарым айлық ұлын саудаға тігіп отыр. Ол бұл қадамға отбасы мен баланың әкесі сырт айналған соң еріксіз барып отыр. Ал үшінші жағдай елді мүлдем таңдандырды. 30 жастағы талдықорғандық келіншек құрсағында 8 ай көтеріп жүрген сәбиін миллион теңгеге бағалаған. Екі баланың анасы бұл қадамға несиесін өтеу үшін бармақшы. Психолог Салтанат Маусеитованың сөзінше, әйел адамның өз баласын сатудың бірнеше себебі бар екен. – Мысалы, екіқабат әйел соңғы айларында жұмыс істемейді. Сол аралықтағы пәтерақысын, несиесін төлеуі керек. Кем дегенде 500 мың теңге алуына мүмкіндік болса, бұл – қаржылай қиындығынан шығудың бір жолы. Екіншіден, кез келген әйелде аналық инстинкт сақталған. Сондықтан ең бірінші өз баласына тек жақсылық тілейді. Өзі жұмыссыз, болашаққа сенімі жоқ, ондайда анасы сәбиі тұрмыстық жағдайы жақсы отбасында өмір сүргенін дұрыс көреді. Мұндағы мәселенің тағы бір қыры, «балаға деген жауапкершілікті мойныма ала алам ба?» деген қорқыныштың болуы. Оның үстіне, ол – некесіз бала, ағайын-туыс, жақындарының тарапынан қолдаудың жоғынан сатуға бел буады. Мұндайға көбіне 25 жасқа дейінгі жастар барып жатады. Енді бірі баланы алдыртпас үшін осындай қадамға барады. Оған қоса, қолында бала болса тұрмысқа шығу да қиындай түседі.

Мәселен, дағдарыс орталығына бір келіншек келді. Ол 1 жастағы баласын нотариалды түрде рәсімдеп сатып жіберген екен. Енді сәбиін қайтарып алғысы келіп отыр. Айтуынша, оны алдап кеткен. «Ол баламды жарты жыл қарай тұрайын» деді. Сол аралықта жұмысқа тұрып, жағдайым реттеп алмақ болдым. Енді сұрап барсам, бермеді. Қандай құжатттарға қол қойғанымды білмеймін» деп отыр ол. Қазір бұл істі қорғаушыларымыз қарап жатыр. Міне, осындай да жағдайлар болады. Көбіне, заңдық құқықтарын білмеуінен алданып жатады, – дейді ол.

Білім және ғылым министрлігі Балалар құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаевтың айтуынша, ата-ананың көпшілігі 6-7 жасқа дейінгі балаларды асырап алғысы келеді. Ал біздегі балалар үйіндегі 4254 баланың 87 пайызы 7 жастан асқандар екен.