Павлодар облысы бас мемлекеттік санитар дәрігерінің міндетін атқарушы жаңа қаулы жариялады.
Жаңа қаулыда облыста ашық және жабық ғимараттарда салтанатты іс-шаралар мен спорттық жарыстарды өткізуге тыйым салынған.Облыс, қала, аудан арасына қатынайтын автобус, шағын автобус жолаушылар тасымалы тоқтатылады (Павлодар-Ақсу, Павлодар-Кемеңгер, Павлодар-Заңғар бағыттарын қоспағанда – ескерту).«Караоке-барлар, бильярд залдары, түнгі клубтар жабылады. Сондай-ақ мәдениет ошақтары, театр, кинотеатрлардың жұмысына тыйым салынды. Балалар ойын-сауық орталықтары мен сауықтыру лагерьлері де жұмыс істемейді. Сондай-ақ жүзбе-жүз жиналыстар өткізуге рұқсат берілмейді» делінген жаңа қаулыда.
Павлодар облысы эпидемиологиялық ахуалды бақылау матрицасына сәйкес «қызыл» аймақта тұр.«Кезекші топтарды қоспағанда, мектепке дейінгі мекемелер жұмыс істемейді. Демалыс күндері азық-түлік жәрмеңкесін өткізуге болмайды. Күшейтілген санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, ашық аспан астындағы аттракциондардың жұмыс істеуіне рұқсат» делінген қаулыда.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Қазақстанда карантинді күшейту мәселесіне қатысты пікір білдірген болатын.