Атырауда Ұлы Отан соғысы ардагерлері, 100 жастағы ұшқыш Айдын Айбаров пен Закария Сұлтановқа 1 миллион теңгеден қаржылай сыйлық берілді.
Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметі бойынша, аталған мереке қарсаңында барлығы екі мыңдай адамға қолдау көрсетілді. Атап айтқанда, Атырау қаласында тұратын Ұлы Отан соғысына қатысқан 2 адамға 1 000 000 теңгеден қаржылай көмек берілді. Ал Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерь тұтқыны санатына жататын бір адамға 1 000 000 теңге қолдау көрсетілді. Жеңіске үлес қосқан тыл еңбеккерлері – 45 адам 100 000 теңгеден біржолғы ақшалай көмек алды. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында жұмыс істеген, алайда наградталмаған тыл еңбеккерлерінің тағы бір тобына, 1 874 адамға – 30 000 теңгеден қаржылай көмек берілді. Сонымен қатар Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мұның сыртында облыста әлеуметтік қорғалатын санатқа жататын 372 адамға 100 мың теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік төлем берілгенін хабарлады. Атап айтқанда, еліміздің «Ардагерлер туралы» заңына сәйкес, Ұлы Отан және Ауған соғысы қатысушылары, Чернобыль АЭС-індегі апаттың зардаптарын жоюға қатысқан адамдар тәрізді тәжік-ауған (315 адам) аумағындағы соғыс қимылдарының, Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияларға (5 адам), Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан (52 адам) адамдар да әлеуметтік қорғалатын санаттар қатарына жатқызылды. Осыған орай оларға ай сайын коммуналдық шығындарды өтеу және атаулы даталарда 100 000 теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік төлем беріледі.Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы