Астаналық оқушы Расул Жұмабеков Ұлыбритания патшайымы II Елизаветадан хат алды. Хатта оның 2020 жылдың соңында патшайымға жіберген хатына жауап жазылған. Бұл туралы Расул Жұмабеков Youtube арнасына жариялаған видеода айтты.
Видеода Расул патша отбасының тарихына қызығып, патшайымға хат жазғанан айтқан.Ол Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия патшайымы II Елизаветаға хатты 2020 жылдың қазанында жіберген, бірақ одан жауап күтпеген. Расул хатты жолдағаннан кейін қайда жеткенін бақылау мүмкін болмаған соң, оны жоғалып кетті деп ойлаған."Интернетте бір видеоны көріп қалдым, онда ролик авторына патшайым Елизавета II-ден хат келеді. Осыдан кейін мен де өзім туралы, қазақстандық оқушы екенімді айтып, хат жазуға бел будым. Қазақ ұлттық хореография академиясында балетпен айналысатынымды, сондай-ақ, футбол, фортепианода ойнауға қызығатынымды жаздым. Хатта патшайымның денсаулығын сұрап, оған бар жақсыны тіледім", - дейді Расул Жұмабеков.
"Маған жауап 6 қаңтарда келді. Патшайымның қолы қойылған жауапхатта ол менің хатыма өте риза болғанын, жағдайы жақсы екенін айтып, маған алғыс білдірді. Осы қиын-қыстау кезеңде маған және туған-туыстарыма бақыт тіледі", - деді Расул.