Қазгидромет синоптиктері бірнеше өңірде дауылды ескерту жариялады. Апта ортасында Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады, кей жерлерде найзағай ойнап, бұршақ жауады. Бірнеше өңірде жел күшейіп, оңтүстік пен оңтүстік-батыста шаңды дауыл тұрады. Түркістан облысының кей жерлерінде шаңды дауыл тұрып, шығыстан секундына 15-20 метр жел соғады. Солтүстік Қазақстан облысының кей аудандарында найзағай ойнап, жел соғып, бұршақ жауады. Солтүстік-батыс пен батыстан соққан жел түнде секундына 15-20 метр жылдамдыққа дейін жетуі мүмкін. Нұр-Сұлтанда күндіз бұлтты болады, ауа температурасы 30-32 градусқа дейін көтеріледі. Түнде термометр +14, +16 градусты көрсетеді. Алматыда жауын-шашынсыз бұлтты ауа райы қалыптасып, күндіз +24, +26 градус, ал түнде 9-11 градус жылы болады.