Будапештте балуандарымыздың бағы жана ма?

Будапештте балуандарымыздың бағы жана ма?

Дзюдодан Венгрияның Будапешт қаласында 6-13 мау­сым аралығында әлем чемпионаты өтеді. Жылдың ең маңызды додасында әлем­нің 133 елінен келген 700-ге жуық дзюдошы бақ сынайды. Жеті күнге созылатын жарыста барлығы 14 cалмақ (7 ерлер, 7 әйелдер) дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынады. Олим­пиадаға іріктеу кезеңінің аяқ­талуына да санаулы күндер қалғанын ескерсек, дзюдо әлеміндегі бұл бәсекенің қан­шалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті.

Күні кеше әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан командасы­ның құрамы белгілі болды. Бас бапкер Ғалымжан Жылгелдиев Будапештке 9 спортшысын алып барады. Атап айтқанда, 60 келіде Ғұсман Қырғызбаев пен Мағжан Шамшадин, 66 келіде Елдос Жұмақанов, 73 келіде Жансай Смағұлов пен Аңсар Ғайнуллин, 81 келіде Дидар Хамза, 90 келіде Ислам Бозбаев пен Ерсұлтан Мұзапаров, +100 келіде Ерасыл Қажыбаев бозкілемге шығады. Қазақстандық татами шебер­лерінің алдағы сынға дайындығы туралы бас бапкер Ғалымжан Жыл­гелдиевтен сұрап, аз-кем әңгімеге тарттық. Ол дзюдо­шы­лардың қазіргі уақытта Алматы облысындағы Жаңашар ауылында оқу-жаттығу жиындарына дайын­далып жатқанын, жарыс алдында ұлттық құрама жауапты сынға сақадай сай болатынын жеткізді. – Жиын 22 маусым күні басталды. 2 маусымда барлық жаттығу жұмыстарын аяқтап, 3 маусым күні Венгрия астанасы Будапештке ұшамыз. Біздің әлем чемпионатындағы басты мақ­сатымыз – Токио Олимпиадасына қатысу үшін рейтингілік ұпай жинау. Әрине, әлемдік додада Қазақстанның байрағын көкке көтеруді, әнұранын шырқатуды бәрінен биік қоямыз. Сол үшін жүлдеге қол созып, елдің атын абыроймен қорғауға тырысамыз, – дейді бас бапкер. Әңгіме барысында маңызды жарысқа жас спортшылардың да қатысатынын тілге тиек етті. – Жастарды осылай ірі додаға қатыстырып, ересектермен бірге алып жүріп, мүмкіндік берген дұрыс. Біз солай физикалық және тактикалық тұрғыдан спортшы­ларымызды бақылаймыз. Бұл сынға жастардан 60 келіде Мағ­жан Шамшадин, 73 келіде Аңсар­бек Ғайнуллин қатысқалы отыр. Біз оларға мүмкіндік бермекшіміз. Бір жағынан тәжірибесі де толы­сып, осындай жарыстар арқылы шыңдала түседі. 90 келіде күресе­тін екі спортшымыз Ислам Боз­баев пен Ерсұлтан Мұзапаровқа да сенім артып отырмыз, – деп жастардың да әлемдік турнир­лерде төбе көрсетіп жүргенін атап өтті Ғалымжан Жылгелдиев. Айтпақшы, әлем чем­пио­натын­да жекелей салмақтағы жарыс біткеннен кейін, артынан командалық жарыс бойынша (микс) 3 салмақта ерлер, 3 салмақ­та әйелдер белдеседі. Будапештке баратын қыздар­дың да дайындығы пысықталып жатыр. Қазақстан әйелдер құра­ма­сының бас бапкері Ерлан Ал­пыс­баев дүниежүзілік бірін­шілікке кімдерді алып баратынын жариялады. Әлем біріншілігінде құрамадағы сегіз дзюдошы бағын сынайды. 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Отгонцэцэг Галбад­рах пен Абиба Әбужақынова, 52 келіде Нұрсұлу Ералиева, ал 57 келіде Севара Нишанбаева қатысады. Қазақстан сапынан 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ешкім қатыспайды. 70 келіде қос дзюдошы белдеседі. Атап айт­қанда, Зере Бектасқызы мен Мөл­дір Нарынова Будапешт татамиіне шығады. 78 келіде ел құрамасынан ешкім күреспейді. Тиісінше, аса ауыр салмақта, 78 келіден жоғары салмақ дәреже­сінде екі татами шебері бақ сы­найды. Осы салмақ­та Камила Берліқаш пен Назгүл Маратова белдеседі. – Будапешт татамиінде бар­лық балуанымыздан жақсы нә­тиже күтеміз. Соның ішінде От­гонцэцэг Галбадрах пен Севара Нишанбаеваға көп үміт артып отырмыз. Биыл Абиба Әбу­жақынова да өте жақсы күресіп, тәп-тәуір нәтиже көрсетіп жүр. Биылғы әлем біріншілігіне қаты­сатын  қыздардың басым бөлігі жастар құрамасының спортшы­лары екенін де ескерген жөн. Сондықтан бұл дода спортшы­ларымыздың әлем біріншілігіне қатысып, тәжірибе жинап алуына жақсы мүмкіндік болмақ, – дейді бас бапкер Ерлан Алпысбаев. Балуандар жарысының бас­талуына да он күнге жетер-жетпес уақыт қалды. Әне-міне дегенше әлем біріншілігіндегі маңызды жүлделер сарапқа салына жатар. Осы әлемдік додадан кейін Халықаралық дзюдо қауым­дастығы дзюдошыларға тиісті ұпайларын таратып, әлемдік рейтинг арқылы Токио  Олим­пиадасына жолдама алған балуан­дардың тізімін жариялайды. Жалпы алғанда, бұл әлем чем­пионатына дейін біршама жарыс­тар кезең-кезеңімен өтті. Ешкім жарыс жолында аянып қалған жоқ. Олимпиадаға жолдама оңай­лықпен бұйыра бермейтіні де бел­гілі. Біз алда өз саңлақ­тарымыздан жақсы нәтиже күте­міз. Балуандарымыздың байрақты бәсекеде бабы мен бағы қатар шаба бергей.  

Абылайхан ЖҰМАШ