Түркістандағы Н.Төреқұлов атындағы мұражайда 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Түбі бір Түркі үшін Тұранның төрінде туғандар» атты жиын өтті.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Miras қоғамдық кеңесі мен Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ бірлесіп ұйымдастырған жиында жиырмасыншы ғасырдағы зұлмат ашаршылық пен репрессия жылдарындағы деректер сөз болды. Мәжілісті «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Miras қоғамдық кеңесінің төрағасы, жазушы Мархабат Байғұт жүргізіп отырды. Қ.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Хазретәлі Тұрсын тоталитарлық қоғамның оспадарсыз саясаты кесірінен құрбан болған отандастарымыздың санын анықтау, тізімін нақтылау және осы кезеңді ғылыми жүйелеу керек екеніне тоқталды. Түркістан қаласы да бұл нәубеттен шет қалмағанын айтты. «Алаш» қозғалысы орталықтарының бірі болған қала төңірегінің қаншама оғланы саяси себептермен оққа ұшты. Арқадан ауған қалың жұрт ілініп-салынып Түркістанға құлады. 1930 жылдың ақпанында болған Созақ көтерілісіне түркістандықтар да қатысты. Облыс орталығы мәртебесін алған Түркістанда саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарына арналған музей бой көтерсе деген ұсынысын жеткізді. Ал Н.Төреқұлов мұражайының басшысы Омар Жексенбаев өңірден шыққан ұлы тұлғалардың есімін дәріптеу бағытында жұмыс жанданса деген ұсынысын жеткізді. Сонымен бірге саяси қуғын-сүргін құрбаны, мемлекет қайраткері С.Қожановтың немере інісі Сұлтанбек Қожанов ұлт көшбасшылары мәңгі ел есінде қалатынын жеткізді. Түркістан облыстық түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі Зикирулла Юсупов та тарихи сананы жаңғырту бағытындағы ойларын ортаға салып, қиын-қыстау кезеңде күштеп көшірілген мыңдаған адамды, ондаған этнос өкілін бауырына басып, мейірімін аямаған қазақ халқының мейірбандығын әрдайым айтып жүру керек екеніне тоқталды. Жиынды «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев қорытындылап, өңірдің зиялы қауым өкілдері айтқан әрбір ұсыныс Miras кеңесінің хаттамасына енгізіліп, тиісті жұмыс жүретінін айтты. Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия алдында үлкен жауапкершілік пен міндет тұрғанын атап өтті. – Түркістан шын мәнінде мәдени орталыққа айналуы үшін рухани салаға да басымдық берілуі тиіс. Ал бұл жұмыстарды жүргізуде зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, мәдениеттанушылар, ғалымдардың маңызы зор, – деді ол. Түркістандағы келелі кеңес қорытындысы бойынша бірқатар хаттамалық шешім қабылданды.А.ЖАСАНҰЛЫ