Қазақстандық Александр Недовесов жұптық сында Братислава (Словакия) челленджер турнирінің финалына шықты. Қазақстандық теннисші украиналық Денис Молчановпен бірге жартылай финалда бразилиялықтар Орландо Луж – Рафаэль Матоспен кездесті. Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық-украиналық жұп 6:4, 6:4 есебімен екі сетте жеңіске жетті. Матч 1 сағаттан астам уақытқа созылды. А.Недовесов пен Д.Молчанов финалда нидерландылық Сандер Арендс – венесуэлалық Луис-Давид Мартинеспен бас жүлдені сарапқа салады. Бұл жұп жартылай финалда тунистік Малик Жазири – словениялық Блаж Роланы 6:4, 6:1 есебімен қапы қалдырды.