Емханадан 70 миллионды жымқырғандар сотталды

Емханадан 70 миллионды жымқырғандар сотталды

Былтыр пандемия өршіп тұрған кезде Аты­рау­дағы №1 емхананың есепшотынан 70 миллион теңге ұр­ланған. Бұл COVID-19 індетіне қарсы күреске бөлінген қа­ра­жат болып шықты. Дәрі-дәрмегі жоқ өңір халқы өлім ау­зында жатқанда, бұл ақпарат жұртшылықты шошытқан болатын. Жақында №2 қалалық сот осы іс бойынша үкім шығарды.

70 миллиондық «электронды ұрлық» былтыр күзде белгілі болды. Бұған дейін шенеуніктер ол туралы ақпарат бермеді. Емхана есепшотынан қаражат жоғалғаны туралы пандемия кезінде жұмыс істеген және ковидпен ауырғанына өтемақы алмаған №1 қалалық емхананың 30-дан астам қыз­меткері жиылып митинг өткізген кезде белгілі болған. Емхана қызметкерлері диффе­ренциалды төлем мен сыйақы­лардан да қағылғанын айтқан бо­латын. Оны басшылық №1 емха­наның есепшотынан түсініксіз жағдайда 70 млн теңгенің жоға­луымен түсіндірген еді. Дегенмен де №1 Атырау қа­лалық емханасы дәрігерлерінің наразылық білдіруіне қатысты сол кездегі облыстық Денсаулық сақ­тау басқармасы басшы­сының мін­детін уақытша атқарушы Асхан Байдуәлиев емханадан ұрланған 70 млн теңгенің үстемеақыға, төлем­ақыға еш қатысы жоқ деп мәлім еткен болатын.
«Атырау қаласындағы аталған емхана шотынан 70 млн теңгеге электронды түрде ұрлық жасалған. Бұл туралы тиісті құқықтық ор­гандар тергеу-анықтау жұмыста­рын жүргізіп жатыр. Болған жағ­дайға байланысты емхана қызмет­кер­лерінің жалақысы қысқар­майды, уақы­тылы беріліп отыр. Міндетті медици­налық сақтан­дыру қоры арқылы жала­қылары төленуде» – деген еді Асхан Байдуәлиев.
Кейін бұл іс бойынша Алматы облысының екі тұрғыны ұсталып, сот болды. Онда Талдықорған қа­ласының тұрғыны Д.Тұрсын­ханның Ladserviceplus 1 ЖШС-ін ашқаны, 3 тамызда Атырау қала­лық №1 емхананың есеп бөлімінің қашықтан ақпаратқа қол жеткізу жүйесіне кіріп, өз ЖШС-нің есеп айы­рысу шотына 70 миллион теңге аударғаны анықталды. Содан кейін ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырып, сыбайласы А.Әбді­рахмановқа берген. Атырау қаласының №2 соты­ның үкімімен Д.Тұрсынхан және А.Әбдрах­манов Қазақстан Қыл­мыстық кодексінің 188-бабының 4-бөлігі 3-тармағымен, ұрлық, яғни алдын ала адамдар тобымен сөз байласу арқылы, аса ірі мөл­шерде, ақпараттық жүйеге заңсыз кіру жолымен, бөтеннің мүлкін жасы­рын жымқыру фактісі бо­йынша кінәлі деп танылды. Екі сотталушы да Қылмыстық ко­декстің 188-бабы 2-бөлігі 4-тар­мағы және 3-бөлігі бойынша кі­нәлі деп танылып, 6 жарым жылға (Д.Тұрсынхан) және 5 жылға (А.Әбдірахманов) бас бостан­дығынан айыру жазасын алды.
– Жаза тағайындау кезінде А.Әбді­рахмановтың бұрын соттал­мағаны, кіш­кентай төрт бала­сы­ның болуы, кінәсін мойындауы және шын жүректен өкінуі, қыл­мысты ашуда белсенді көмек көр­сетіп, материалдық зиянды ішінара өте­гені; Д.Тұрсынханның бұрын сотты бол­мағаны, кіш­кен­тай баласының бо­луы жеңілдететін жағдай ретінде ес­керілді, – деп ха­барлады соттың баспасөз қызметі.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы