"Үш-төрт медаль алуға болады": Серік Сәпиев Қазақстан боксшылары қанша жүлде әкелуі мүмкін екенін айтты

"Үш-төрт медаль алуға болады": Серік Сәпиев Қазақстан боксшылары қанша жүлде әкелуі мүмкін екенін айтты

Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев Токио Олимпиадасында Қазақстан боксшыларының жетістігіне болжам жасады, — деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бокстан жүлде алуға әлі де үмітіміз бар. Үш-төрт медаль алуға болады. Енді Сәкен Бибосыновтың қарсыласы – Франция боксшысы, ол өте мықты, одан өтсе келесі қарсыластарының деңгейі франциялықтай болмайды. Сосын Әбілхан Аманқұлдың, Қамшыбек Қоңқабаевтың және Зәкір Сафиуллиннің қарсыластары айтарлықтай көшбасшылар емес, оларды жеңуге болады. Сол үшін қалған төрт боксшымыз төрт медаль әкелуі де мүмкін», - деді боксшы Орталық коммуникациялар қызметінде брифингте.
Айта кетейік, +91 келі салмақта мысырлық боксшы Юсри Резк Мұстафа Хафезді айқын басымдықпен ұтқан Қамшыбек Қоңқабаев Олимпиада ойындарының ширек финалына шықты. 75 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқан Әбілхан Аманқұл өзбекстандық Фанат Қахромоновпен кездесіп, Олимпиаданы жеңіспен бастады. 63 келідегі Зәкір Сафиуллин перулік Леодан Песо Сабойяны 5:0 есебімен жеңді. Сонымен бірге 52 келідегі Сәкен Бибосынов алғашқы жекпе-жегінде Пуэрто-Рико елінен келген Янкьель Ривера Фигероаны тізе бүктірді. Ол енді 1/8 финалда франциялық Билал Беннаммен қолғап түйістіреді.