Шатасқаннан шатақ шықты

Шатасқаннан шатақ шықты

Дүниедегі ең жаман нәрсе–шатасып, шатысып кеткен жаман. Ауысып кеткен деген нәрсені айтамын, егер оқымасаңыздар өкпелеп үйге қайтамын. Мәселен, сөмкеңіз ауысып кетсе. Базарда сөмкеңізге ет, май, кәртөшке, сәбіз, бәрін салып, сөмкеңізді жерге қойдыңыз. Тура сондай сөмкемен тағы бір әйел саудаласып тұрып, тек сәбіз сатып алып жатыр дейік. Сөйтті де, сіздің сөмкеңізді байқамай, байқамақ түгілі, басын да шайқамай, ауыстырып алып кетті дейік! Артынан тұра қуасыз ғой. Үйіңізге бір сөмке сәбіз ғана арқалап кетпейтін шығарсыз? Жарайды, тура сіздің әйеліңізден аумайтын әйел көрші тұрады. Көшеден кешігіп келген әйеліңізді жұлқылап, үйіңізге кіргізіп алып, ұрысып, ашуыңызды бастыңыз. – Әй, қайда жүрсің, асқазанымда албасты жүр! – Үйбай, маған айқайламаңыз! – Немене? – Аузыңызға байқап сөйлеңіз! – Е, осы отырған жеріңде  басыңнан бір ұрып, жерге жалпита салайын ба? – Сіз кімсіз, өзі? – Сіз деп сызылма маған! – Жоқ, маған айқайлайтын байымсыз ба, жоқ әлде, аспандағы айымсыз ба? – О, әкеңнің! Мына қатын туған байын танымай қалыпты! Немене, көшеден кеңкелес тауып алдың ба? – Көрші ағай, мен сіздің әйеліңіз емеспін! – А, не дейді? Сен мына Мықтыбектің әйелісің бе? – Ия, ағай. – Ойбай, кешір, айналайын, тура менің қатыным­нан аумайды екенсің! – Төсекке сүйрей жөнелмегеніңізге шүкір. – Ой, айналайын, енді шатассам, бетіме түкір! – Ағай, менің бөксемде қара қал, өкшемде тыртық бар, ажырата білсеңізші! –деген келіншек кербездене тұрып, бөксесін бұлтыңдатып шыға береді ғой.  Шатастырып алып, шатақ шығару деген жаман. Өмірде не болмайды десеңізші? Бір үйге көп қонақ шақырылып, ішінде сіз де бар екенсіз дейік. Дастарханда отырып алып, манты жейік. Сосын, қайтарда ол үйге тұмсығы мүжілген  «мүгедек» туфлимен барып, су жаңа туфли киіп бара жатқаныңызда, артыңыздан арсалаңдап, үй иесі жүгіріп шықты дейік. – Ойбай, Есеке, тоқтаңыз, туфлиіңізді шешіңіз! – Не болып қалды? – Құрметті қонақтың туфлиін киіп бара жатырсыз! – Қойе? Бәсе, неғып жаңарып кеткен десем? – Жүріңіз, ұят болды! Үйге келсеңіз, құрметті қонақ сіздің ескі туфли­іңіз­ді киіп, кетіп қалыпты! Сіз іштей қуан­ғаныңыз­бен, ол ренжіп кетті ғой? Тағы да, аяғыңыздың шуашы бар дегендей... Көрдіңіз бе, шатасып, шатысып кеткен деген шатақ тудырады. Ауысып кеткеннің арты жаман.  Сөмкені қоя салайық, туфлиді қоя салайық, ал, о заманда, бұ заман мәйіттердің ауысып кеткенін көр­діңіз бе? Оны көргендер бар.  Нұр–Сүлтанда көп салалы медицина орталығындағы қателіктің кесірінен, қайғыда жүрген балалары өз әкесінің орнына басқа біреудің денесін жерлей жаздап, жағаларын ұстаған. Ойпырмайлатқан оқиға қалай болды дейсіздер ме? Медицина мекемесі­нің  қызметкерлері марқұмның мәйітін басқа мәйітпен шатастырып, Таразға ұшақпен салып жіберген. Марқұмның туысы Кәкен Жантайұлы былай дейді:  «Мәйіттің бетін ашсақ, басқа бір адам. Мұндайда шошып кетесің ғой? Екі баласы да көрді. Содан, медицина орталығына бардық. «Жоқ, осы сіз­дің туысыңыз!» дейді. Содан, суретімен салыстырдық. Анау адамда мең бар, біздің туысымызда мең жоқ дегеннен кейін олар қипақтай бастады. «Кешіріңіздер, сіздің туысыңыздың мәйіті ұшақпен Таразға кетіп қалды» –дейді. Осындай да, жауапсыздық болар ма? Содан не болды дейсіз ғой? Кешкісін, Астанаға жеткен тараздық жігіт пандемиядан қайтыс болған әкесін Таразға әкететін болған. 63 жастағы әкесін танып, «осы менің әкем» деген. Сөйтіп, қайтып кеткен, кетерінде: «Тошына осы менің әкем!» деп айтып кеткен. Бірақ, дәрігерлер марқұмды шатастырып, басқа мәйітті салып жіберген ғой! Тараздық жігіт те,  марқұм әкесін танымай, талып қалған. Керек десеңіз, ол медицина орталығындағы қызметкерлерді сотқа берейін деп жүр. Құдайым–ау, онсыз да қайғыдан қан жұтып жүргендерге жауапсыздық танытып, тәртіпті тәлтіректетіп, уайым қайғының қайығына отырғызып жіберуге бола ма? Екі мәйіт те, инфекциялық ауруханадан короновирус құрбандары болып жеткізілгеннен соң, аты–жөндерін жазып, тіркеп қойған соң, жөнелтерде көздерің шел басқандай қарағандары несі? Нұр–Сұлтан қаласы, көп салалы медицина орталығы директорының емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары Бақтыбай Оразбековтың айтуынша, марқұмның баласы әкесін танып кетіпті.  Сосын, Таразға ұшақпен жіберілген. Одан кейін, екінші мәйіттің туыстары таңертең келіп, мәйітті ашып көргенде, көздері атыздай болған. Қысқасы, ауысып кеткен дейді. Оразбековтың айтуынша, жәй әшейін, ауысып кеткен екен.  Ой, тоба!