Ит ойлайды, адамдер неге сабырсыз? Адамдар неге бір-бірін түсінісе алмайды? Адамдар неге сондай? Болмашы нәрсеге бола жаға жыртысып жатады. Бірін-бірі ала көзбен атады, бірін-бірі сатады. Сөйтеді де, бір күні арам қатады. Адамдар неге біз туралы жаман сөз айтады, а? Жек көретін адамдарына – «Ит екен!» дейді. Біз не істедік, соншама? Үр десе үреміз, күлеміз, ой, кешіріңіздер, жетектесе жүреміз, адамдарды қорғаумен өмір сүреміз. Бізге арналған бұйрық райдағы сөздерін айтсаңызшы? «Кет! Кет деймін! Кет! Пошел!» – дейді. Бүйтіп қорламай-ақ – «Бөрібасар, Бөке, кете қойшы?» десе, құйрығымызды қысып, қыңсыламай-ақ кете саламыз ғой. Рас, енді, кейбір кластастарым, ой, кешіріңіздер, үйшіктестерім еркелеп, иесінің аяғына оралып, мазасын алып жатады. «Ит жеті қазынаның бірі» деп өздерінше мақтап қояды. Сөйтеді де, жеті қазынаны өздері ұрлап, өздері сыбайлас, жемқорлас болып жатады. Біз өмірімізде қазынаның қаржысын жеп көрмеппіз. Қазғаз жемейміз. Ақшаны айтамын. Жарайды, қайда кетіп барамын өзі? Бірді айтып, бірге кетіп. Адамдардың, иә кейбір адамдардың біздерге деген көзқарастарына жыным келеді де. Көшеде өзіңмен өзің кетіп бара жатсаң, ит аулаушылар дегендері жетіп келіп, ата салады.Тырайып жатқаның сол, тілің шығып. Ау, «Неғып жүрсің? Иең қайда? Жайша қыдырып жүрсің бе?» деп сұрамайды ғой. Қайдан білсін, біз де адамбыз, ой, кешіріңіздер, итпіз, сұлу қаншықтарға «движение» жасауға, иіскелесіп, танысуға, асыр салып, алысуға кетіп бара жатқан шығармыз? Ата салады ғой. Жатқаның сол тырайып, көздерің алайып. Сосын, кәріс ағайындардан қалып едік, енді қазақтардың біразы бізді сойып жейтін болды. Сойғанда, арақ ішіп, тойып жейтін болды. Қытайда бізді тірідей үйітіп, азаптайды екен. Туу, ит өмір-ай, өмір сүргім келмей кетті! Қожайыным, бикешім бар болса да! Өзге сыныптастарымды, ой, құйрықтастарымды ойлаймын да. Байғұстарды аулаға байлап қояды. Күн ыстықта су да беруді ұмытып кетеді ғой! Бүкіл иттер болып, митингіге шығамыз ба сонда? Ит ойлайды: – Рас, бізді олигарх қожайындар шомылдырады, еркелетеді, тамақтың жақсыларын береді. Ішкеніміз алдымызда, ішпегеніміз артымызда. Пәтерде өмір сүреміз. Кейде олармен қойындасып та жатамыз! Ал, кейбір сүйектестерімнің жағдайы ше? Ауыл иттерін айтамын да! Кедей иттер ше? Иелерінің өздері нан таппай отырғанда, олар қайтіп қыңсыласын? Жүндері сабалақ-сабалақ, өмір деген қатал-ақ, қатал-ақ, көздері шүңірейіп, ауыздары үңірейіп, құйрықтарын бұттарына қысып, үсті қотыр, шаттары қышып, сүмеңдеп жүргендері сол. Бірдеңе жейін десе, иесі де аш, өзі де аш. Сонда да да безіп кетпейді, өзінше тышқан аулап, ептейді. Мына үкімет деген ауылға көңіл бөлмей қойды, сонда да, көп ауыл иттері «зейнетке шықпай», өлмей қойды! Үргілері де келмейді. Ұры-қарылар түнделетіп келе қалса, амандасқандай «Әуф!» дейді де, басын көтерместен жата береді. Ит ойлайды: – Мұның бәрін неге айтып отырмын? Иттер құқығы аяққа тапталып жатыр! Барлық елдердің иттері, бірігіңдер! Топталып, адамдарға ойымызды ашық айтайық! Иттер демократиясы орнасын! Шетелдік иттер қандай бақытты! Олар ерлі–зайыпты, ой кешіріңіздер, ұрғашы, еркек болып бірге тұрады дейді. Бізді үйлендірмейді де ғой! Өздеріне қарашы, мектеп бітіре салып, дереу үйленуге асығады. Біздер ше, иттер? Ит емеспіз бе? Біздің де, бақытты иттер болғымыз келеді! Ит не ойласа, соны ойласын, ит дегеннен шығады ғой, астана тұрғыны Алина Нұртас итін жетектеп, Триатлон саябағында келе жатқан. Жанамалай өтіп бара жатқан атақты ғарышкер Талғат Мұсабаев тоқтай қалып: – Итіңіздің тұмылдырығы неге жоқ? – деп сұрады. – Онда шаруаңыз болмасын!–деді бойжеткен. Ары қарай не болды десеңізші, рас, өтірігін қайдам, Алина Нұртастың өзіне сөз берейік: – Полицияның бастапқыда менің позициямды оң деп тапқанына қуандым. Бірақ, қуанышым көпке созылмады. Талғат Мұсабаев қой. Ол мені итіммен серуендеп жүргенім үшін ұрды. Мен не айта аламын? Енді Қазақстанда көшеге шығуға ойланамын. Хаскиге тұмылдырық тақпау туралы заң бар емес пе? Бұл елде қауіпсіздік жоқ. Заң да менің жағымда емес. Заң – күш пен билігі бар адамдар жағында. Бәрі таныспен шешіледі. Қазақстан, кешір мені, бірақ менің әкем президент емес. Сондқтан, мен әр адамның құқығы заңмен қорғалатын жаққа кетемін. Ит ойлайды:–Ее, Алина, бөтен елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болғанға не жетсін? Сабыр сақта, сенікін де, Талғат көкемдікін де, дұрыс деп ойламаймын, адамдар, сендерге өкпелімін, енді асыр салып, ойнамаймын! Иттің ішкі ойын қағазға қалпында түсірген:
Мұхтар ШЕРІМ