Мемлекет басшысы жоғары деңгейдегі келіссөздерден кейін Корея мен Қазақстанның ірі компаниялары басшыларының жиынына қатысты, - деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
– Соңғы 15 жылда Сіздің еліңізден келетін тікелей инвестиция көлемі 6 миллиард доллардан асты. Қазақстанда кореялық капитал салынған 550-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында Samsung, Hyundai, Lotte, Posco, KNOC және басқа да жетекші корпорациялар бар. Осы компаниялардың қатысуымен жалпы құны 2,5 миллиард доллардан асатын 24 ірі жоба жүзеге асырылды. Әсіресе, кореялық SK Engineering & Construction компаниясының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан Үлкен Алматы айналма тасжолының (БАКАД) құрылысын айтуға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
– Қайта өңдеу өнеркәсібіндегі жоғары технологиялы өндіріс, сондай-ақ, Индустрия 4.0 технологияларына стратегиялық тұрғыдан мүдделіміз. Оңтүстік Корея экономиканы цифрландыру бойынша әлемдік көшбасшы және 5G желілері саласында үздік болып танылды, – деді Президент.
– Біз компьютерлік техника, желілік жабдықтар, деректерді өңдеу орталықтары бойынша бірлескен өндірістік жобалар ашуға мүдделіміз. Қазақстан 5G желісін өрістету бағытында жұмыс істеп жатыр. Ірі қалаларда алғашқы сынақтар өткізілді. Корея компанияларын елімізде 5G жобаларын іске асыру үдерісіне қатысуға шақырамын, — деді Президент.Қасым-Жомарт Тоқаев жер қойнауын пайдалану саласының зор мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды. Қазақстанда жер аумағының 25 пайызына ғана геологиялық зерттеу жүргізілгенін айтты. Бұл ретте, Мемлекет басшысы асыл және түсті металдарды өндіру бойынша бес дайын жобаның бар екенін атап өтіп, корей компанияларын Қазақстанның жер қойнауын бірлесіп игеруге шақырды.